Accessibility links

Министрлік жанармай тапшылығы салдарынан ұшақтар ұшпай қалуы мүмкін деген қауіпті растамады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан энергетика министрлігі авиаотын тапшылығы салдарынан ұшақтар ұшпай қалуы мүмкін деген қауіпті жоққа шығарды. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі жазды.

"Авиаотын жағдайына алаңдауға негіз жоқ. Ведомство авиаотын қорын тікелей бақылауда ұстап отыр және қазір әуе қатынастары тоқтап қалады деген қауіп жоқ. Мұны (индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайтын) азаматтық авиация комитетіндегі әріптестеріміз де растайды. Дегенмен астана әуежайындағылар ресейлік тасымалдаушылардың Қазақстанға [авиакеросин] тасымалдаудан бас тартқанын хабарлады. Индикативтік балансқа сәйкес, көрші елден 300 мың тоннаға дейін авиакеросин импорттауымыз мүмкін еді. Ал іс жүзінде тоғыз ай ішінде Ресейден 55 мың тонна әкелінген" деді энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Әйгерім Оразалиева.

Министрлік өкілінің айтуынша, елде "авиаотын жағдайына қатысты нақты бір шаралар қолданылуы тиіс, бірақ жағдай соншалықты дәрежеде ушықты деуге келмейді".

Бір күн бұрын Нұр-Сұлтан әуежайы авиаотын тапшылығы салдарынан әуежай үзіліссіз жұмыс істей алмауы мүмкін деп ескерткен. Әуежайдың баспасөз қызметі тіпті тұрақты жолаушылар рейсі тоқтап қалуы мүмкін деп мәлімдеген. Олар ірі тасымалдаушылардың авиаотынды уақытында жеткізбей отырғанын алға тартқан.

Informburo сайты бейсенбі күні "бірнеше күнге ғана ұшатын авиакеросин қалды" деп мәлімдеген Scat әуе компаниясының хабарламасын жариялады. Мұндай жағдай Air Astana-дан өзге әуе компаниясының барлығында орнаған.

28 қазанда Нұр-Сұлтан әуежайындағы жағдайға байланысты хабарлама таратқан энергетика министрлігі әуежайлар мен әуе компаниялары авиаотынмен қамтамасыз ету мәселелерін өз бетінше алдын ала шешуі тиіс деп мәлімдеді.

"Аталған жағдай шаруашылық жүргізуші субъектілердің ағымдағы коммерциялық қызметі болып табылады" делінген хабарламада.

Ведомство өкілдері "әуежайлар қажет отын көлемін тек қана ірі емес, сонымен қатар шағын жеткізушілерден коммерциялық бағамен сатып алуы қажет екендігін атап өтеміз" деді.

Видео: "Мұнайлы елде жанармайға зәруіміз" (30 қыркүйек, 2021 жыл).

"Мұнайлы елде жанармайға зәруміз". Қазақстанда дизель тапшы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:56 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG