Accessibility links

Қарағандыда "пара алды" деп сотталған судья үкімі өзгермеді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Пара алды" деп айыпталған Қарағанды облысы ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ержан Ғабдуллинге шыққан үкім өзгеріссіз қалды. "10 мың еуро және үш миллион теңге" көлемінде ақша алды деп айыпталып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылған судья үкіміне байланысты апелляциялық отырыс 27 қазанда кешке оқылды. Сот алқасы оның адвокатына қатысты "қоғамда резонанс туғызғаны үшін" жеке қаулы шығарды.

Судья Ғабдуллин 2021 жылдың ақпан айынан бері қамауда отыр. Оның адвокаты сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде жіберілген "заңсыздықтарға" қоғам назарын аудартқан. Апелляциялық шағымды қараған кезде қорғау тарабы судьяны ауыстыру туралы өтініш айтты.

Айыпталушылар қатарында "Оливия" компаниясының заңгері Елена Кантер-Скрипкина да бар. Ол үш жылға түрме жазасына кесілді. Ол судьяға ақша бергенін мойындап, үкіммен дауласпады.

Айыптау тарабының айтуынша, заңгер Кантер-Скрипкина судья Ғабдуллиннен өзі қорғап отырған компанияның мүддесіне тиімді шешім шығаруды өтінген. Ол Қарағандыда жалға берілетін тұрғын үй құрылысына байланысты өткен мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесімен дауласпақ болған. Өзге судья қараған іс бойынша заңгердің өтінішін орындауға уәде берген Ғабдуллин 10 мың еуро және үш миллион теңге пара алған. Кантер-Скрипкина айыпты мойындап, ісіне өкінетінін жеткізген. Өзіне қатал жазаламауды сұраған. Ал Ғабдуллин тағылған айыптармен келіспей, ұзақ уақыттан бері білетін танысы Кантер-Скрипкинадан "құтылу үшін" ақшаны алуға мәжбүр болғанын айтқан. Ғабдуллиннің сөзінше, ол кейін ақшаны қайтаруға оқталған.

Ақыры сот Ержан Ғабдуллинді "алаяқтық" және "пара беруге итермелеу" баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сот заңгер Кантер-Скрипкинаның "пара алуға итермелегені" дәлелденді деді. Судьяның пәтерінде тінту кезінде тәркіленген 10 мың еуро және үш миллион теңге қаражат мемлекет кірісіне тапсырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG