Accessibility links

Сот Сәтбаев қаласында "бала зорлады" деп айыпталғандар үкімін өзгеріссіз қалдырды


Қарағандыдағы тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.
Қарағандыдағы тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.

Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы Сәтбаев қаласында бес жасар қызды зорлауға қатысты деп айыпталған ерлі-зайыптылар үкімін өзгертпеді.

2020 жылы 23 шілдеде болған оқиғаның соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, полиция қызметкерлері соққыға жығылған, үйлер өртеніп, бүлік болған. Басында үш күдікті болған, бірақ басты айыпталушы 62 жастағы ер адам сотқа жетпей қайтыс болды: оның денесі тергеу изоляторынан табылған. Полиция оның өзіне қол жұмсағанын айтқан. Кейін негізгі айыпталушыдан бөлек, тағы ерлі-зайыпты екі адамның ұсталғаны белгілі болды.

2021 жылы маусымда ерлі-зайыптыларға үкім оқылды: ер адам өмірлік бас бостандығынан айырылды, ал әйеліне 22 жыл түрме жазасы берілді. Процесс жабық режимде өтті. Бұған дейін сот алқасы мүшелері оларды кінәлі деп таныған, ал апелляциялық инстанция үкіммен келіскен.

Айыптау тарабының айтуынша, 2020 жылы 23 шілдеде ер адам (тергеу кезінде өзіне қол салып қайтыс болған – ред.) мас күйінде подъезд алдында кішкентай қызды ұстап, пәтеріне алып барған. Кейін көршісін шақырып, қыз баланы зорлауды ұсынған. Көршісі бұл ұсынысқа келісіп, әйелін шақырып, ол балаға "белгісіз бір дәріні еккен". Осыдан соң қыз бала есінен танып қалған, ал екі еркек қызды зорлаған.

Сараптама қорытындысына сай, бұл оқиға қыз баланың психикасына қатты әсер еткен.

Сотталушылардың адвокаттары бұған дейін үкімнің заңсыз екенін, сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде заңсыз алынған дәлелдерге негізделіп шығарылғанын айтқан. Кейін істен шеттетілген адвокат айыпталушының кінәсіздігін де айтқан. Ол соған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған.

Былтыр жазда жоғалған кішкентай қыз 62 жастағы ер адамның пәтерінен табылған соң Сәтбаевта жүздеген адам осы үйдің маңына жиналып, еркекті жауапқа тартпақ болған. Бірнеше адам күдікті мен көршілерінің пәтерін қиратқан. Кейін жиналғандар күдіктіні полицейлер жасырын түрде бөлімшеге алып кетті дегенді естіп, полицияға барған. Сол жерде полиция ғимаратын қиратып, 16 көлікті өртеген. Ресми дерек бойынша, 14 тұрғын мен 50 полицей зардап шеккен.

Осы тәртіпсіздік бойынша қылмыстық іс қозғалып, тоғыз адам үш жылға түрмеге қамалды. 44 адам төрт жыл, екі адам бір жарым жыл шартты жаза алды. Төрт адам "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды", екі адам "тәртіпсіздікке шақырды", 51 адам "тәртіпсіздікке араласты" деп айыпталған. 42 айыпталушыға "билік өкіліне күш қолданды" деген де айып тағылған. Айыпталушылардың барлығы прокурормен процессуалды келісім жасасқан. Осы іс бойынша екі адамға іздеу жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG