Accessibility links

Бала құқығын қорғау комитеті Алматыдағы оқушы өліміне байланысты түсініктеме берді


Назарбаев зияткерлік мектеп оқушыларының қарсылығы.
Назарбаев зияткерлік мектеп оқушыларының қарсылығы.

Білім және ғылым министрлігінің бала құқығын қорғау комитеті Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі оқушы өліміне байланысты түсініктеме берді.

"Қазір әлеуметтік желіде оқушының өлімі туралы қарама-қайшы ақпарат пайда болып жатыр. БҒМ бала құқығын қорғау комитетінің өкілдері қаза болған оқушының ата-анасымен байланыста отыр. Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу мүддесі мақсатында және ата-анасын құрметтегендіктен қайғылы оқиғаның жай-жапсары айтылмайды. Барлығымыз тергеудің ресми нәтижесін күтуіміз керек. Нәтижесінде қажетті шаралар қабылданады" делінген хабарламада.

Министрлік қаза болған оқушының ата-анасы мен туыстарына көңіл айтып, ата-аналар мен мұғалімдерді, мектеп басшылығын "балаларға мұқият болуға" шақырған.

Осы аптада аталған мектептің 8-сынып оқушысының биік ғимараттан секіріп кеткені туралы ақпарат шыққан. Ақпарат агенттіктері оқушы "суицид жасамай тұрып" болған оқиғалар тізбегін жазды. Атап айтқанда, мектепте кеш өтіп, оқушының әзілдеп юбка кигені, оны сол үшін психологқа апарғаны айтылды. Мектеп әкімшілігі "оқушыға қысым болғанын" жоққа шығарған.

Оқушы өлімінен кейін 29 қазанда Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектеп оқушылары қарсылық акциясын өткізіп, ер балалар юбка киіп, топтасып суретке түсті. "Киімде жыныс жоқ" деп ұран көтерген оқушылар мектеп әкімшілігін балалардың жеке пікірін тұншықтырмауға, өз көзқарастарын таңып, тықпаламауды да талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG