Accessibility links

Беларусьте "Белсат" арнасының өкілі ұсталды


"Белсат ТВ" арна басшысының орынбасары Алексей Дикавитский.
"Белсат ТВ" арна басшысының орынбасары Алексей Дикавитский.

"Белсат ТВ" арнасының өкілі Ирина Славникова және оның күйеуі Минск әуежайында ұсталды. Бұл жөнінде 30 қазанда арна басшысының орынбасары Алексей Дикавитский Facebook парақшасында хабарлады.

Оның айтуынша, Беларусь журналистер қауымдастығы жетекшісінің орынбасары міндетін де атқаратын Славникованы күйеуі Александр Лойкомен бірге 29 қазанда кешке Египеттен оралған кезде ұстаған. Дикавитскийдің сөзіне қарағанда, сақшылар мен кеден қызметінің өкілдері Славникованы қарсы алу үшін әуежайға келген әкесіне ешкімнің ұсталмағанын айтқан. Қазір Славникованың қайда екені белгісіз, телефоны сөндірулі тұр.

Польша қаржыландыратын "Белсат ТВ" арнасын шілде айында Беларусь билігі "экстремистік арна" деп танып, ақпарат құралының ресми сайты мен әлеуметтік желідегі аккаунттарының барлығын бұғаттаған.

"Белсат ТВ" арнасы Александр Лукашенко режиміне қарсы оппозиция әрекетін бақылайтын белорустар жиі қолданатын ақпарат көзі.

Аталған телеарна былтыр президент сайлауынан кейін тұтанған Лукашенко режиміне қарсы наразылық шарасынан үздіксіз ақпарат таратты. ОСК сайлауда Лукашенконың жеңгенін айтқан, ал оппозиция мен жақтастары сайлау нәтижесінің бұрмаланғанын айтып, оны жоюды талап еткен. Оппозиция сайлауда өздерінің кандидаты Светлана Тихановская жеңді деп санайды.

Кейінгі кезде Александр Лукашенко режимі журналистер, құқық қорғаушылар, қоғам белсенділері, саясаткерлерге қысымды үдеткен. Бір жылдан астам уақытқа созылған наразылық кезінде мыңдаған адам ұсталып, ондаған қылмыстық іс қозғалды.

Батыс елдері Лукашенко мен айналасындағы шенеуніктерге бірнеше санкция салды. Ресми Минск бейбіт наразыларды аяусыз басып-жаншығаны үшін және сайлау нәтижесін бұрмалағаны үшін айыпталды. Батыс Лукашенконы Беларусьтің заңды президенті деп мойындаудан бас тартты. Минск барлық айыптауларды жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG