Accessibility links

Қазақстан мен Ресей шекарасынан өте алмай тұрған жүк көліктері көбейген


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстанның Ресеймен шекарасында тұрған көліктердің кезегі сегіз шақырымға жеткен. "Жүк көліктерінің жүргізушілері "Қайрақ" кеден бекетінде тұрғанына екінші тәулік болды. Кәсіпкерлер тауарын шекарадан өткізе алмай, шығын шегіп жатыр" деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Шекарада тұрғанымызға 22 сағат болды. Кезектің ұзындығы 8 шақырымға жетті. Бұл тек Қазақстан жағында ғана. Мен азық-түлік апара жатырмын, бұлай тұрғанымыз азық-түліктің жарамдылық мерзіміне әсер етеді. Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрадық", - дейді жүргізушілердің бірі Бауыржан Сарқытбаев.

Tengrinews.kz жазуына қарағанда, кеден аймағына Қостанай облысы Қарабалық ауданы прокуратурасының қызметкерлері мен кәсіпкерлер палатасының осы аудандағы өкілі бастаған топ барып, Мемлекеттік кіріс департаменті басшылығымен сөйлескен. Осыдан кейін Қазақстан жағындағы жүк көліктерінің кезегі азайған, Тройцк жағындағы кезек өзгермеген.

"Жүк тасушылардың сөзінше, мұндай жағдай Ресейдің шекара қызметі тарапынан да жиі жасалады. Ресейдің Челябинск облысындағы құзырлы органдармен сөйлесеміз", - дейді Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев.

Қостанай облысының Мемлекеттік кіріс департаментінің сөзіне қарағанда, бұл жағдайға белгілі бір маусымда жүк көліктерінің күрт көбейетіні, өзге облыстардың шекарадағы пункттеріндерінде жүк көліктерінің рентген аппараты жоқтығы және Ресейде 30 қазаннан бастап карантин енгізілгені ықпал еткен.

Кейінгі бірнеше айда Қазақстанның Қытаймен шекарасында да жүк көліктерінің жиналып қалғаны байқалған еді. Кәсіпкерлер Қытай кеденінен тауар өткізе алмай жатқанын, Қытай жағы себебін түсіндірмейтінін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG