Accessibility links

Уфа мен Қазан тұрғындары саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, дұға оқыды


Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу дұғасына келгендер. Уфа қаласы, Башқұрстан. 30 қазан 2021 жыл
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу дұғасына келгендер. Уфа қаласы, Башқұрстан. 30 қазан 2021 жыл

Башқұртстан астанасы Уфа қаласы мен Татарстан астанасы Қазан қаласында сенбі күні 1930 жылдардағы Сталиннің "Үлкен терроры" мен Азамат соғысы кезіндегі "Қызыл террордан" қаза болғандарды еске алып, дұға оқыды.

Уфа қаласындағы Сергиев зиратына жиналған қауым "Үлкен террор" құрбандарының аты-жөндерін бір жарым сағат бойы кезекпен атап тұрды.

Қазан қаласындағы Никольск шіркеуінде өткен дұға үш сағатқа ұласты. Үш сағатта мыңнан астам адамның аты-жөні дауыстап айтылды.

Уфаның Сергиев зираты 1930 жылдары Уфада атылғандарды көметін орынның бірі болды. Қуғын-сүргінге ұшырап, өлім жазасына кесілгендерді зират ортасындағы жыраға жаппай әкеліп атып, сол жерге көміп кеткен.

Зиратқа жерленгендердің нақты саны белгісіз, кейбір деректерге қарағанда мыңға жетеді. Кейбір мәліметтер "1920 жылдардан бастап екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де сот шешімімен, сот шешімінсіз 30 мыңға жуық адам атылып, осы зиратқа көмілген" деп көрсетеді.

2007 жылы зират басына Уфа белсенділерінің бастамасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған крест тәрізді ескерткіш қойылған.

"Еске алу дұғасы" Уфада 2014 жылдан бері өтеді. Іс-шараны Преображенский православ бауырластығы ұйымдастырады.

Қуғын-сүргіннен қаза болғандардың есімдері 1997-2011 жылдары шыққан "Башқұртстан Республикасының саяси қуғын-сүргін құрбандары" кітабынан алынады. 7 том кітапқа 50 мыңнан астам адам туралы қысқаша анықтама берілген.

30 қазанда аталатын "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін" 1991 жылы РСФСР Жоғарғы кеңесі бекіткен.

"Башқұрт энциклопедиясындағы" мәліметтерге қарағанда 1920 жылдардың соңындағы советтік ұжымдастыру науқаны кезінде 25,5 мың шаруа малынан айырылған, 22,5 мың шаруа Сібірге айдалған, 32 мың адам елдің солтүстігіне жер аударылып, 30 мыңға жуық адам арнаулы поселкелерге орналастырылған. Саяси қуғын-сүргін жылдары Башқұтстанда барлығы 50 293 адам қуғын-сүргінге ұшырап, атылған, көп жылға сотталып, саяси лагерлерге жіберілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG