Accessibility links

Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясы Алматыда "Сберге" қарсы митинг өткізді


"Тәуелсіздігімізге қауіп". Алматыда "Сберге" қарсы митинг қалай өтті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

"Тәуелсіздігімізге қауіп". Алматыда "Сберге" қарсы митинг қалай өтті?

Тіркелмеген "Ел тірегі" партиясы мен өзге де қоғам белсенділері 1 қарашада Алматыда қаласындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің жанында Қазақстан мен Ресейдің "Сбер" компаниялар тобы арасындағы цифрлық платформаны дамыту туралы келісімге қарсы бейбіт наразылық митингісін өткізді.

Жиынға жүзге жуық адам келді. Алматы полициясы сырттай бақылап тұрды.

Жиында сөйлеген белсенділер Ресейдің "Сбермен" арадағы келісім Қазақстанның тәуелсіздігігіне қауіп төндіреді деп есептейді.

Олардың сөзінше, "келісім жүзеге асар болса, Қазақстан азаматтарының жеке деректері мен мемлекеттік органдардың әрекеті туралы барлық ақпарат, мемлекеттік басқарудың электронды жүйесі Ресейдің қолына түсуі мүмкін".

Митингіге 2020 жылы парламент мәжілісі депутаты мандатынан айырылып, "Нұр Отан" партиясынан шығарылған, тіркелмеген "Ел тірегі" партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаев, "Дат" газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапи, журналист Гүлжан Ерғалиева, қоғам белсенділері Мұрат Мұхамеджанов, Әсет Наурызбаев, Эльмар Хұсайынов, Оразбай Орман, Меңдос Оразбаевтар қатысты.

Белсенділер сөзінің арасында белгілі рэпер Жан Ахмадиев рэп оқыды. Қоғам белсенділері митингіде мінбер қызметін атқарып тұрған көлікке "Ел тірегі" партиясын тіркеуді талап еткен баннер іліп қойған. Бұл партия бұған дейін билік "Ел тірегін" партия ретінде ресми түрде тіркеуден бас тартқанын хабарлаған болатын.

Қыркүйектің басында Қазақстан үкіметі мен ресейлік "Сбер" компаниялар тобы қол қойған меморандумның мәтіні жарияланған. Ондағы ақпаратқа қарағанда, Қазақстан ресейлік "Сбербанктің" IT-платформасын 500 млн долларға сатып алады. Қазақстанға бұл ақшаны "Сбердің" өзі мемлекет кепілдігімен қарызға береді.

"Әділет" порталында жарияланған құжат қазақстандық "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ мен ресейлік "Сбербанк" ЖАҚ арасында қарыз жөнінде келісім жасауды қарастырады. Құжатта 500 млн АҚШ долларына пара-пар қаражат ресейлік рубль күйінде Ресей жағына қажетті құжаттардың барлығы уақытында берілген жағдайда 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін беріледі деп көрсетілген.

E-gov-қа балама GovTech жүйесі "Сбердің" Platform V платформасына негізделіп жасалады. Меморандум 31 қазанға дейін концорциум құруды да қарастырады. Құжатта ERG компаниялар тобына еншілес BTS Digital ЖШС стратегиялық әріптес ретінде көрсетілген.

Қоғамда бұл меморандумға байланысты наразы пікірлер көбейіп, оны "Ресей ықпалындағы шенеуніктердің әрекеті", "Ресей билігінің қысымы" деп сынға алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG