Accessibility links

Қазақстан Facebook желісінің ішкі жүйесіне кіруге мүмкіндік алғанын мәлімдеді


Қазақстан билігі енді Facebook желісінің ішкі жүйесіне кіріп, өзі "зиянды" деп тапқан контентті жоюға мүмкіндік алды. Нұр-Сұлтан мен Facebook желісінің иесі Meta компаниясының бұл келісімі 1 қарашада хабарланды.

Қыркүйектің ортасында "Нұр Отан" партиясынан сайланған депутат Айдос Сарым "Балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын ұсынған. Заң жобасы бойынша, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенжерлер Қазақстанда жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тіркеліп, өкілдігін ашуы тиіс. Талапқа мойынсұнбаған әлеуметтік желілер бұғатталады. Мәжіліс бұл ұсынысты бірінші оқылымда мақұлдаған.

Meta мен Қазақстан билігінің келісімі осы заң қоғамда қызу талқыланып жатқан тұста жасалды.

"Қазақстан үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету үшін Facebook Қазақстанға ішкі "Контентті хабарлау жүйесіне" ("Content Reporting System" - CRS) тікелей эксклюзивті қолжетімділік берді" деп жазылған екі тараптың біріккен мәлімдемесінде.

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігі біріккен мәлімдемеде "CRS министрлікке Facebook жаһандық контенттік саясатын, Қазақстанның ұлттық заңнамасын бұзатын контент туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді" деді.

Мәжілісте талқыданып жатқан заң жобасы жұрт арасында қарсылыққа ұшырап, жұрт билік елде цензураның жаңа әдісін ойлап тапты деп сынады. Ал заң жобасының авторлары "бұл кибербуллинг пен қауіпті контенттердің тарауын тоқтатады" деді.

Қазақстан билігі елде кемі 3,2 миллион адам Facebook желісін қолданады деп мәлімдеді. Ал Meta компаниясының Instagram және WhatsApp желілерінің де Қазақстандағы қолданушылары көп.

Министрліктің мәліметінше, 28 қазанда Facebook командасы министрліктің мамандарына "Контентті хабарлау жүйесін", сондай-ақ Facebook контенттік саясаты және қоғамдастық стандарттары бойынша тренинг өткізді. 1 қарашадан бастап министрлік жүйемен жұмыс істей бастады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG