Accessibility links

Қостанай мен Ақмола облыстарында мыңнан астам жүргізуші куәлігі заңсыз берілген


Кептелісте тұрған көліктер. Көрнекі сурет.
Кептелісте тұрған көліктер. Көрнекі сурет.

Қостанай мен Ақмола облыстарында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жолда жүру ережесі бойынша тест тапсырмаған адамдарға емтиханнан өткені жөнінде анықтама берген. Бұл жөнінде сейсенбі, 2 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

"Емтиханды арнайы дайындықтан өткен басқа адамдар тапсырған. Мысалы, Ақмола облысында сол үшін емтихан тапсыратын компьютермен қашықтан жалғанған құрылғылар пайдаланылған. Қостанай облысында медициналық бетперде мен қалпақ киген адамдар тікелей емтихан сыныбында басқа біреулер үшін тест тапсырған. Тергеу барысында мыңнан астам жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактісі тексеріліп, жолда жүру ережесін теориялық емтиханнан сәтті өткені туралы жалған анықтамалар тәркіленді" делінген агенттік хабарламасында.

Олар соған орай барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында жаппай тексеру жұмыстары жүргізілетінін айтты.

Агенттік жол ережесін білмей көлікке отыру азаматтардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне зиян келтіретінін ескерткен. Биыл наурыз айында Қостанай қаласында жол апаты болып, артынша көлік айдаған жүргізушілердің бірінің жолда жүру ережесі бойынша емтиханды тапсырмағаны, жүргізушілер куәлігін сатып алғаны анықталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG