Accessibility links

HRW: Душанбе Ауғанстандағы дағдарысты өз еліндегі адам құқығы мәселесіне назар аудартпас үшін пайдаланады


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) және Еуропа одағының төрағасы Шарль Мишель. Қазан айы, 2021 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) және Еуропа одағының төрағасы Шарль Мишель. Қазан айы, 2021 жыл.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқықтарын қорғау ұйымы БҰҰ мен халықаралық қауымдастыққа үндеу жасап, Душанбенің Тәжікстандағы адам құқықтарының күрделі жағдайына назар аударуына ықпал етуге шақырды.

Тәжікстан билігі 4 қарашада Женевада БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелері алдында елдегі адам құқықтарының сақталу жағдайы жөнінде есеп береді.

Тәжікстанның "Талибан" қозғалысына қатысты ұстанымы әлем жаңалықтарында жақында жиі айтылды, делінген Human Rights Watch ұйымының 1 қарашадағы мәлімдемесінде. Тәжік билігі тәліптердің билігін мойындамайтынын жариялаған. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында Ауғанстанда түрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдері кіретін инклюзив үкімет құру қажет деп мәлімдеген. Мұндай үкіметте Ауғанстан халқының 46 пайызын құрайтын ауған тәжіктерінің мүддесі де ескерілуі тиіс.

Ұйым мамандарының пікірінше, Тәжікстанның мұндай ұстанымы өз еліндегі адам құқықтарының бұзылуына көз жұма қарауға себеп бола алмайды.

"2015 жылы елдегі жалғыз оппозициялық ұйым - Тәжікстан ислам өркендеу партиясына тыйым салынған соң, Тәжікстан үкіметі жүздеген саяси белсендіні, журналист пен адвокатты түрмеге отырғызды. Душанбе өз бақталастары мен диссиденттерге, сонымен бірге олардың елдегі туыстарына үнемі қысым жасап, тәуелсіз БАҚ-ты шектеп отыр. Түрмелерде адамдардың азапталғаны туралы мәліметтер жиі айтылады", делінген HRW мәлімдемесінде.

Онда Франция президенті Эммануэль Макрон мен Еуропа одағының төрағасы Шарль Мишель жақында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды қабылдағаны да айтылған. Саясаткерлер аймақ қауіпсіздігі мен Ауғанстандағы жағдайды талқылаған, алайда Рахмон үкіметінің адам құқытарын өрескел бұзып отырғаны туралы мәселені айналып өткен, дейді адам құқығын қорғаушылар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG