Accessibility links

Өндірістік жарақат алған кентаулық өтемақы талап етті. Ол жоғарғы сот алдында наразылыққа шықты


Кентау тұрғыны Дастан Орынбасаров мемлекеттен өтемақы талап етіп тұр. Нұр-Сұлтан, 3 қараша 2021 жыл.
Кентау тұрғыны Дастан Орынбасаров мемлекеттен өтемақы талап етіп тұр. Нұр-Сұлтан, 3 қараша 2021 жыл.

Кентау қаласының 47 жастағы тұрғыны Дастан Орынбасаров 3 қарашада Нұр-Сұлтандағы жоғарғы сотқа келіп, өндірістік жарақаты үшін мемлекеттен 47 миллион теңге талап етті.

Бірінші топтағы мүгедек жоғарғы сотқа 15 жастағы баласын ертіп келген.

Орынбасаров қолына "15 жыл соттасқан мүгедек жоғары сот төрағасы Асановтан әділ шешім талап етемін", "Конституция кепілі президент Тоқаевтан көмек сұраймын" деген плакат ұстап тұрды. Оны жоғарғы соттың ғимаратына бірден кіргізбеді.

- Мен соттасуды бастағанда мына балам тоғыз айлық еді. Енді 15 жасқа келді. Осы уақыт бойы өзімнің маңдай тер, еңбек ақымды даулап келемін. Биыл жазда бас прокуратура маған қатысты шыққан Есіл аудандық сотының шешімін бұзу туралы наразылық берді. Оны жоғарғы сот орындауы тиіс. Мен бала шағамның несібесін алмай кетпеймін, - дейді ол.

Орынбасаров биыл 8 шілдеде бас прокуратурада бірнеше күн қонып, мәселеге қадағалаушы органның араласуын талап еткен еді.

Дастан Орынбасаров "Кен қазба құрылыс" жеке меншік компаниясында шахтер болып істеп жүріп, 2007 жылы өндірістік жарақат алған. Ол біраз уақыт комада жатып, кейін мүлде еңбекке жарамай қалғанын айтады. Бірінші топ мүгедегі жұмыс істеген "Кен-қазба құрылыс және өндіру" мекемесі сотпен банкрот деп танылған.

2017 жылы Павлодар соты компанияның банкроттығын нақтылап, мемлекеттен Орынбасаровқа мемлекеттен 47 миллион теңге өндіріп беру туралы қаулы шығарған. Алайда былтыр Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық соты Павлодар сотының шешімін кері қайтарып, Орынбасаровтың арызын қанағаттандырмау туралы шешім қабылдады.

Орынбасаровтың наразылығынан соң биыл жазда бас прокуратура Есіл аудандық соты шешімін бұзу туралы наразылық білдірген еді.

Дастан Орынбасаровтың айтуынша, жоғарғы сот оның шағымы 17 қарашада қаралатынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG