Accessibility links

Шеру өткізуге рұқсат ала алмаған құқық қорғаушылар әкімдікті сотқа берді


Көшені жауып тұрған полиция қызметкерлері.
Көшені жауып тұрған полиция қызметкерлері.

Алматы қаласында саяси реформа тақырыбында шеру өткізуге рұқсат ала алмаған құқық қорғаушылар әкімдікті сотқа берді. Олар соттан "карантинге байланысты шеру өткізуге болмайтынын айтқан" қалалық қоғамдық даму басқармасының жіберген жауабын заңсыз деп тануды сұрап отыр.

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, әзірге сот отырысы белгіленбеген.

20 қазанда Бақытжан Төреғожина мен Liberty қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов әкімдікке 20 қарашада қалада шеру өткізуге ескерту хат тапсырған еді. Өткен аптада қалалық қоғамдық даму басқармасы карантин талаптарын алға тартып, өтінішті қанағаттандырмады.

"Қалада той өткізуге болады, дәмханалар мен мейрамханалар істеп жатыр, кез келген көрме, мереке, фестивальдарға тыйым жоқ. Ал шеру өткізуге болмайды екен. Бекшин [қаланың бас санитар дәрігері – ред.] қарсы" деп жазды құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина сол кезде Facebook парақшасында.

Қазақстанда былтыр "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын немесе карантин шектеулерді алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.

Бұған дейін Human Right Watch халықаралық ұйымы және басқа да құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды коронавирус пандемиясын пайдаланып, адам құқығын шектеп отыр деп сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG