Accessibility links

Тоқаев: Қазақстан-Қытай шекарасындағы шектеулер тезірек алынады деп үміттенеміз


Қазақстан-Қытай шекарасындағы контейнерлер.
Қазақстан-Қытай шекарасындағы контейнерлер.

5 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесінің ашылуы кезінде сөз сөйлеп, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасына тоқталған. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.

– Биыл біздің достас халықтарымыз өз тарихындағы маңызды белеске жетті. Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына – 100 жыл. Сондай-ақ, екі айдан кейін тағы бір айтулы оқиғаны атап өтеміз. Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Бүгін біздің жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестігіміз кемелденіп, жаңа кезеңге қадам басты деп нық сеніммен айта аламын. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай елі әрдайым Азиядағы ең басты және сенімді серіктесіміз болып қала береді, – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, 2020 жылдың қиын болғанына қарамастан екі ел арасындағы тауар айналымы 5 пайызға өсіп, 15 млрд долларға жеткен.

"Пандемияға байланысты Қазақстан-Қытай шекарасына енгізілген уақытша шектеу шаралары тезірек аяқталып, алыс-беріс қайтадан жандана түседі деп сенеміз" деді Тоқаев.

Бұған дейін Қазақстан-Қытай шекарасында мыңдаған жүк көлігінің бекеттен өте алмай, ұзын-сонар кептеліс пайда болғаны жөнінде хабар тараған. Жергілікті БАҚ қазан айының ортасында Қазақстан мен Қытай тарабы мәселені талқылап, алдағы уақытта шара қолдануға келіскенін хабарлаған. Дегенмен мәселе әлі шешілмеген.

Тоқаев жұма күні індет ғаламдық сауда қатынастарына нұқсан келтірсе де Қазақстан "тұрақты транзиттік тасымал бағдарын нығайтып, оны әртараптандырып, инновациялық логистикалық әдіс-тәсілдерді енгізу үшін барлық мүдделі тараппен тығыз жұмыс жүргізе беретінін" айтқан.

"Бүгін есігін айқара ашқан Қытай халықаралық импорттық тауарлар көрмесі, шын мәнінде, дүниежүзінің әр түкпіріндегі экспортшыларды ұйыстыратын орталыққа айналды. Осы маңызды шараға 120-дан астам мемлекеттен тауар өндірушілер жиналып отыр. Бұл Шанхай көрмесі Қытайдағы алып нарыққа кіретін "алтын қақпа" екенін айқын көрсетті. Осы көрмеге Қазақстаннан 30 ірі өнім өндіруші қатысуда. Олар жалпы құны 100 миллион доллардан асатын азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға келісім-шарт жасайды деп жоспарланып отыр" деді Тоқаев.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қазан айының басында Қытай тарабы Қазақстанмен арадағы "Нұр жолы", "Достық автомобиль", "Бақты" көлік өткізу пунктерін уақытша жапқан. Кейін "Бақты" бекетін жабу мерзімі ұзартылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG