Accessibility links

Сенат депутаты Назарбаевтың қаржы операцияларына бақылау болуы тиіс деп санайды


Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктеріне адам құқығын бұзғаны үшін санкция салуды талап етіп тұрған белсенділер. 23 қазан 2021 жыл.
Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктеріне адам құқығын бұзғаны үшін санкция салуды талап етіп тұрған белсенділер. 23 қазан 2021 жыл.

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев та "жария қоғамдық тұлғалар" тізіміне енгізіліп, оның қаржы операцияларына бақылау жүргізілуі тиіс. Бейсенбі күні exclusive.kz сайты тілшісінің сұрағына жауап берген сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы соны меңзеген.

4 қарашада сенат "қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері" жөнінде заң жобасын қабылдаған.

Оған сәйкес, елде жария лауазымды тұлға мәртебесі бекітіліп, тізімі құрастырылады. Тізімге енген қоғамдық тұлғалар мен олардың отбасы, жақындарының қаржы операцияларына тексеру күшейтіледі.

Бейсенбі күні заң жобасы қабылданғаннан кейін exclusive.kz тілшісі Махамбет Әбжан сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлына активтері тексерілуі тиіс "жария қоғамдық тұлғалар тізіміне кім енгізілуі тиіс?" деп сұрақ қойған. Депутат "барлық лауазымды тұлғалар" деп жауап берген. "Ал оған Елбасы (Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев) енуі тиіс пе?" деп сұраған кезде:

"Әрине, енуі тиіс!" деп жауап берген. Ол сонымен бірге тізімге барлық депутат, үкімет мүшелері мен әкімдер кіруі тиіс екенін айтқан.

Жария қоғамдық тұлғалардың тізімін президент бекітеді, ал қаржылық мониторинг агенттігі тізімді құрастырады. Тізімді құрастыру өкілеті тұтас институт емес, президентке берілу себебін депутаттар түсіндіре алмаған. Exclusive.kz сайты "енді Елбасыны тізімге енгізу-енгізбеу мәселесін президент Тоқаев шешеді" деп тұжырымдайды.

Заң жобасы президентке қол қоюға жіберілді.

Отыз жылға жуық елді басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда отставкаға кеткеннен кейін де саяси кеңістікте ықпалын сақтап қалды. Оған елде "Елбасы" статусы берілген. Бұл статустың арқасында оның өзіне және отбасына қылмыстық іс қозғалмайды.

Халықаралық басылымдар Нұрсұлтан Назарбаев пен оның отбасының күмәнді активтері жайлы көп мақала жазған. Экс-президенттің туыстары мен серіктері, үкімет мүшелер офшор аралдарынан тарап кеткен құжаттарда жиі аталады. Бірақ Қазақстан билігі де, Назарбаевтың өзі де бұл туралы пікір білдіре бермейді. Ары кетсе "бос сөз" деген баға береді.

Бұған дейін азаматтық белсенділер Батыс елдерін "адам құқығының бұзылуына жауапты" қазақстандық шенеуніктерге, атап айтқанда экс-президент, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов, ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев және өзге де бірқатар лауазымды тұлғаларға санкция салып, шетелдегі активтерін бұғаттауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG