Accessibility links

АҚШ сенатындағы әйелдер Байденді ауған қыз-келіншектерінің құқықтарын қорғауға үндеді


Тәліптер билікке келгелі пердемен бөлінген бөлмеде білім алып жатқан ауған студенттері. 7 қыркүйек 2021 жыл.
Тәліптер билікке келгелі пердемен бөлінген бөлмеде білім алып жатқан ауған студенттері. 7 қыркүйек 2021 жыл.

АҚШ сенатындағы әйелдер президент Джо Байденді ауған қыз-келіншектерінің құқықтарын қорғауға үндеді. Тамыз айында ауған үкіметі құлап, содан бері елде адам құқығы нашарлап, әсіресе қыз-келіншектердің құқығы өрескел тапталып жатқаны жөнінде хабар жиілеген.

Республикашыл сенатор Джони Эрнст және сенат мүшесі, демократ Диана Фейнстейн бастаған әйелдер тобы Байден әкімшілігін ауған қыз-келіншектерінің саяси, экономикалық, негізгі құқықтарын қорғауға бағытталған "ведомствоаралық жоспар" әзірлеуге үндеді.

"Американың Ауғанстаннан кетуі ауған қыз-келіншектерінің осы уақыт бойы қиындықпен еңсерген жетістіктеріне қауіп төндірді" делінген заң шығару өкілдерінің хатында.

Ондағы ақпаратқа қарағанда, былтыр Ауғанстанда 3,5 млн қыз бала мектепке алынған, 100 мың әйел жоғары оқу орындарына барған.

"Алайда оларды қорғайтын легитимді үкімет пен қарулы күштері жоқтығынан қыз-келіншектер қазір "Талибан" режимінің жыртқыш әрекетінен зардап шегіп отыр. Тәліптер оларға дөрекілік көрсетіп, қоғамнан алшақтатты, өмірі мен еркіндігіне нұқсан келтірді. Әйелдер соққыға жығылып, өлтірілді, ер адамсыз сыртқа шығуларына тыйым салынды" делінген хатта.

24 сенатордың пікірінше, Байден әкімшілігі "Талибанды" жауапқа тарту мәселесін БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдармен талқылауы тиіс.

1996-2001 жылдары Ауғанстанда билік құрған тәліптер, тамыздың ортасында билікті басып алған. Содан бері елде әйелдер мен қыз балаларының құқықтарының өрескел тапталғаны жөнінде ақпарат жиілеген. Қыркүйек айында "Талибанның" жоғары білім алғысы келетін ауған әйелдеріне шектеу қойғаны хабарланған.

Кейінгі аптада Кабул мен Ауғанстанның өзге өңірлерінде әйелдер тәліптер мен билігі мен құқықтарының тапталуына наразылық білдірді. Акциялардың кейбірінде тәліптер күш қолданып, наразы әйелдерді ұрып-соғып, әуеге оқ атты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG