Accessibility links

Үкімет соңғы бір аптада азық-түлік бағасы өспегенін хабарлады


Орталық базардағы азық-түлік, тамақ өнімдері қойылған сауда сөресі. Шымкент, 23 қазан 2021 жыл.
Орталық базардағы азық-түлік, тамақ өнімдері қойылған сауда сөресі. Шымкент, 23 қазан 2021 жыл.

Қазақстанда өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы сол күйінше қалған. Бұл жөнінде 6 қарашада премьер-министр сайты хабарлады. Үкіметтің айтуынша, "қолданылған шаралардың арқасында" сәбіздің бағасы – 3,1%, пияз – 2,2%, картоп - 0,8% арзандаған. Қатық, күнбағыс майы, күріш пен тұздың бағасы өзгермеген.

Хабарламада премьер-министр Асқар Маминнің мемлекеттік орган жетекшілері мен облыс әкімдері арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу мәселесі бойынша жиналыс өткізгені айтылған.

Үкіметтің хабарлауынша, аймақта "айналым схемасы" (бағаны реттеу міндеттемесін алған сауда орындарының қаржыландыру кезінде жеңілдікке ие болуы – ред.) бойынша қаржыландыру көлемі 46,6 млрд теңгеге жеткен.

Ақпаратқа қарағанда, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өткен аптада баға қою бойынша "өкілетін теріс пайдаланған" өндірушілерге 6 ескерту берген.

"Солтүстік Қазақстан облысында тауық жұмыртқасын өндірушілерге, Нұр-Сұлтан қаласында тауық жұмыртқасын көтерме саудаға жеткізушіге, Ақтөбе облысында тауық етін көтерме саудаға жеткізушіге, Алматы облысындағы тауық жұмыртқасын өндірушілерге бағаны ұстап тұру бойынша бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері үшін 6 хабарлама шығарды" делінген үкімет хабарламасында.

Үкімет жетекшісі аймақ әкімдеріне бағаны қадағалап, қажетті шара қолдануды, қымбатшылық болмас үшін дүкендерге азық-түлікті уақытында жеткізіп отыруын қадағалауды тапсырған.

"Егін жинау науқанының аяқталуы және алдағы мерекелерді ескере отырып, әкімдіктерге бір апта ішінде өңірлерді ұнмен 100%-ға дейін қамтамасыз ету, бұған дейін бекітілген нормативтерге сәйкес негізгі көкөністер бойынша қорларды толықтыру, сонымен бірге делдалсыз сауда желілері мен өндірушілер арасында форвардтық сатып алу шарттарын жасасуды қамтамасыз ету тапсырылды" делінген үкімет хабарламасында.

Қазақстанда бірнеше айдан бері азық-түлік құны шарықтап барады. Елдегі инфляция деңгейі рекордтық көрсеткішке жетті: тамызда жылдық инфляция – 8,7 пайыз, қыркүйекте 8,9 пайыз болды. Қала мен ауыл халқы бағаның екі есе өсіп кеткеніне шағымданады. Дүкен мен сауда орындарындағы сатушылар жұрттың азық-түлікті несиеге ала бастағанын айтты. Үкімет бағаны тежеуге тырысып жатқанын айтқанмен халық әзірге едәуір нәтиже жоғын алға тартады.

Қарай отырыңыз: "Еттің бағасын естігенде шошып кетеді". Азық-түлік бағасы шарықтап барады (28 қазан 2021 жыл).

"Еттің бағасын естігенде шошып кетеді". Азық-түлік бағасы шарықтап барады
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:15 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG