Accessibility links

Бағдатта наразылық кезінде ондаған адам зардап шекті


Ирак астанасы Бағдат қаласында жаппай наразылық кезінде ондаған адам зардап шекті. Арасында полицейлер де бар. Ақпарат құралдары екі адамның қаза тапқанын жазды. Алайда денсаулық сақтау министрігі ақпаратты терістеді.

Полиция ереше қорғалған аймаққа демонстранттарды жібермей, наразылықты басу үшін әуеге оқ атты, жас ағызатын газ шашты. Денсаулық сақтау министрі кемінде 27 наразы және қауіпсіздік күштерінің 98 өкілі жараланғанын хабарлады. Ирак премьер-министрі Мустафа әл-Кадими наразылықтың тұтану себебіне байланысты тергеу амалдары басталғанын айтты.

Көшеге ираншыл шииттік партия құрылымдарын қолдайтын адамдар шыққан. Бір ай бұрын олар сайлауда жеңіліске ұшырап, парламенттегі орындардың басым бөлігінен айырылған. Наразылар сайлау нәтижесі бұрмаланды деп санайды.

АҚШ, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі және бірқатар елдер 10 қазанда өткен парламент сайлауында қажетті процедуралардың сақталғанын айтқан. Ал сайлау нәтижесімен дауласқан партиялар заңбұзушылықтар тіркелгенін алға тартады, бірақ оған дәлел көрсеткен жоқ.

Парламент сайлауы нәтижесінің бұрмалануы жөнінде шағымдар жиілегендіктен сайлаудың түпкілікті қорытындысы жарияланбады және дауыс әлі саналып жатыр. Елді экономикалық жағдайдың салдарынан туындаған саяси дағдарыс дендеген. 2019 жылы да Иракта үкіметке қарсы жаппай наразылық шаралары өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG