Accessibility links

Саакашвилиді жақтаушылар Грузия билігіне ультиматум қойды


Ника Мелия
Ника Мелия

Оппозиция Грузия билігіне бұрынғы президент Михаил Саакашвилиді 24 сағаттың ішінде қала клиникасына ауыстыруды талап етіп, ультиматум қойды. Талапты "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясының жетекшісі Ника Мелия ауқымды қарсылық акциясы кезінде айтты деп хабарлайды "Грузия жаңалықтары" агенттігі.

"Өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында Михаил Саакашвилиді қала клиникасына ауыстыру үшін билікке 24 сағат уақыт береміз", - деп мәлімдеді Мелия.

Оппозиция талап орындалмаса 8 қазан, дүйсенбі күні кешкі сағат сегізде Тбилиси орталығындағы Бостандық алаңына "бүкіл Грузияны жинауға" уәде берді. Мелияның сөзінше, өзге талаптар Бостандық алаңында сол кезде айтылатын болады.

Қарсылық акциясы Саакашвили отырған Рустави қаласындағы түрме алдында жалғасып жатыр. Демонстранттардың шағын тобы палатка құрып алған.

2013 жылдан бері Грузияға алғаш рет келген Михаил Саакашвили Тбилисиге астыртын жолмен жетісімен 1 қазанда тұтқындалған. Оны бұрын Грузия соты қылмыскер деп санап, алты жылға қамау туралы сырттай шешім шығарған. Өзін саяси тұтқын деп есептейтін Саакашвили түрмеге қамалысымен қарсылық білдіріп, аштық жариялаған. Түрменің медицина қызметі оған түрлі қоспа, шырын және балалар пюресін беріп отыр.

Жеке дәрігері, адвокаттары мен жақындары бұрынғы президенттің әлсіреп бара жатқанын күн сайын айтып, қаладағы көп салалы ауруханаға ауыстыруды талап етіп келеді. Алайда билік келісер емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG