Accessibility links

Мәулен Әшімбаев Рим Папасын Нұр-Сұлтанда өтетін әлемдік діндер съезіне шақырып қайтқан


Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі жетекшілері хатшылығының 5-отырысы. Астана, 1 маусым 2016 жыл
Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі жетекшілері хатшылығының 5-отырысы. Астана, 1 маусым 2016 жыл

Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Ватиканға жұмыс сапарында Рим Папасы Францискпен кездесіп, оны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне шақырған. Бұл туралы Қазақстан парламенті сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде сенат спикері "Қазақстанның конфессияаралық келісімді нығайтуға және жаһандық дінаралық диалогқа бағытталған бастамалары жайлы және Қазақстаның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі мен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлесі туралы" айтқан.

Сенат баспасөзі "Рим Папасы Франциск Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа съезге шақырғанына алғыс білдірді және Нұрсұлтан Назарбаевтың діндер съезін өткізу жөнгіндегі бастамасы маңызды екенін айтты" деп хабарлайды.

Ресми ақпаратта қарағанда, әлемдік және дәстүрлі діндердің жетінші съезі 2022 жылы қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өтеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайы алғаш 2003 жылы Астанада өткен. Содан бері үш жылда бір рет өтеді. Билік бұл іс-шара кезінде "Қазақстандағы діни және ұлтаралық татулықты" жиі көрсетіп қалуға тырысады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанда 2011 жылы қабылданған дін туралы заң көптеген азаматтарды қудалауға себеп болды деп санайды. Бейтарап сарапшылар бұл съезді Қазақстанның халықаралық имидж шараларының бір түрі деп есептейді.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы наурызда "имидж шараларды азайтып, бюджет қаржысын үнемдеуге"шақырған, ал 2020 жылы қаңтарда "форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге мораторий жариялауды" ұсынған.

Қасым-Жомарт Тоқаев одан бұрын, парламент сенатының төрағасы кезінде, 2014 жылы қазан айында "Қазақстанда халықаралық форумдардың көбейіп кеткеніне" қынжылған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG