Accessibility links

Қылмыстық атқару жүйесі "саяси тұтқын" Қайрат Қылышевтың денсаулығы нашарлағанын растады


Соттағы жарыссөз кезінде ағылшынша "Құрметті Еуроодақ, АҚШ, Канада, сіздерден [шара қабылдауды] сұраймыз" деп жазылған қағаз ұстап тұрған белсенді Қайрат Қылышев. Ол сотқа Zoom қосымшасы арқылы тергеу изоляторынан қатысты. Алматы, 28 қыркүйек 2021 жыл.
Соттағы жарыссөз кезінде ағылшынша "Құрметті Еуроодақ, АҚШ, Канада, сіздерден [шара қабылдауды] сұраймыз" деп жазылған қағаз ұстап тұрған белсенді Қайрат Қылышев. Ол сотқа Zoom қосымшасы арқылы тергеу изоляторынан қатысты. Алматы, 28 қыркүйек 2021 жыл.

Алматы қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті экстремизм бабымен айыпталып, биыл қазанда бес жылға сотталған азаматтық белсенді Қайрат Қылышевтың денсаулығының сыр бергені туралы ақпаратты растап, құқық қорғаушыларға ресми жауап жолдады.

Бұл туралы Азаттыққа "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бахытжан Төреғожина хабарлады.

- Ол жазасын өтеп жатқан ЛА -155\18 мекемесіндегі жылу жүйесінің дұрыс жұмыс істемейтіні туралы сотталушылардан шағым көп түседі. Бұның өзі заңға қайшы. Ұласбек Ахметовтың апелляциялық соты кезінде ол Қайрат Қылышевтың бүйрегі ауырып, медицина бөліміне түскенін айтқан еді. Әйелі Жанар Сарқұлова да Қайраттың бүйрегім ауырады дегенін естімедім деген болатын. Біз оның ем-домын ұйымдастырмақ болдық. Соған байланысты сауалымызға ресми жауап алып отырмыз,- деді Бахытжан Төреғожина.

Алматы қаласы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің жауабында Қайрат Қылышевті флюрографияға түсіріп, ішкі ағзаларына жасалған талдамалар негізінде "екі жақты гломерулонефриттің асқынуы" деген диагноздың қойылғаны айтылған.

"Ем-домын стационарлық мекемеде алып жатыр. Медицина қызметкерлерінің бақылауында" деп жазылған Алматы қалалық қылмыстық атқару департаменті бастығының орынбасары Ерлан Ұзақов қол қойған жауапта.

38 жастағы Қайрат Қылышев 2020 жылы наразылық акцияларына қатысқаны үшін бес рет әкімшілік жазаға кесілген. Биыл 22 тамызда оны тағы да соттап, алдыңғы жазасына жаза қосқан.

Қайрат Қылышевке "тыйым салынған ұйым ісін ұйымдастырды және араласты" деген айыппен (405-бап, 1,2 бөлімдері) сот үкімі биылғы 11 қазанда шыққан. Сот онымен бірге азаматтық белсенділер Абай Бегімбетов, Асхат Жексебаев, Ноян Рақымжановты да қылмыстық кодекстің 405-бабы 1-тармағы ("экстремистік ұйымның ісін ұйымдастыру") және 2-тармағы бойынша ("экстремистік ұйымның ісіне араласу") кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырып, 5 жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салды. Қылышев және басқалары тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Құқық қорғаушылар Қайрат Қылышевтің азаматтық белсенділігі үшін қудаланғанын айтып, "саяси тұтқын" деп таныған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG