Accessibility links

Шымкент соты белсенді Жанмұрат Аштаевты кепілмен уақытша изолятордан босатты


"Полицияға күш қолданды" және "полицияны қорлады" деген күдікке ілінген азаматтық белсенді Жанмұрат Аштаев сотта отыр. Шымкент, 9 қараша 2021 жыл.
"Полицияға күш қолданды" және "полицияны қорлады" деген күдікке ілінген азаматтық белсенді Жанмұрат Аштаев сотта отыр. Шымкент, 9 қараша 2021 жыл.

9 қараша күні Шымкенттегі қалалық мамандандырылған тергеу соты "полицияға күш қолданды" және "полицияны қорлады" деген күдікке ілінген азаматтық белсенді Жанмұрат Аштаевты кепілмен босатты. Полиция соттан Аштаевты "тергеуге кедергі келтірді, қашып кету қаупі бар" деген себеппен қамауға санкция беруді сұрағанымен, судья бұл өтінішті қабылдамады. Бұл туралы сотқа онлайн қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Судья Айнабековтың мәліметінше, Аштаев шілдеде "полицияға қауіпті емес күш қолданып, балағаттаған" деген күдікке ілінген. Ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүрген ол 7 қараша күні ұсталып, уақытша тергеу изоляторында қамалған.

9 қарашадағы отырыста тергеуші бұрын сотты болған белсендіні "тергеу ісіне кедергі келтіруі мүмкін" деп уәж айтып, қамауға санкция сұрады. Прокурор тергеушіні қолдады. Бірақ сот Аштаевтың тергеу ісіне кедергі келтірмегенін, отбасылы, кәмелет жасқа толмаған төрт баласы бар екенін ескеріп, қамамады.

"Тергеушінің Аштаев қамау туралы өтініш хаты қанағаттандырусыз қалсын" деді судья Айнабеков.

Аштаев сот процесі кезінде "полицияға күш қолданды" және "полицияны қорлады" деген айыппен келіспейтінін айтты.

"Полиция еркін жүріп тұру, сөз бостандығы сияқты конституциялық құқығымды шектеп отыр" деді белсенді.

Іс соңында судья Аштаевқа заң талабын орындамаған жағдайда кепілге қойылған әкесінің үйі мемлекет меншігіне тартып алатынын ескертті.

Биыл 1 шілдеде Шымкентте Жанмұрат Аштаев бастаған бір топ белсенді қала әкімдігі алдында саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, аштық акциясын өткізбек болған. Сол күні оларды полиция ұстап әкетіп, акцияға қатысқан белсенділер Ерлан Файзуллаев, Нұржан Әбілдаев – 15 күнге, Аштаев 10 күнге қамалды.

Кейін Аштаевтың үстінен "билік өкіліне күш қолданды" және "билік өкілін қорлады" деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG