Accessibility links

KEGOC электр энергиясымен қамтамасыз етуде шектеу жоғын хабарлады


Қазақстандағы электр энергиясын ірі тасымалдаушы KEGOC компаниясы тұрмыстық, әлеуметтік маңызды нысандарды электр энергиясымен шектеусіз қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеді.

"KEGOC АҚ 2021 жылғы 10 қараша күнгі сағат 09:00-дегі жай-күй бойынша Қазақстанның энергия жүйесінде тұрмыстық, әлеуметтік маңызды объектілерді шектеулер болмағанын хабарлайды" делінген компанияның сәрсенбі күнгі хабарламасында.

Дегенмен кейінгі бірнеше күнде Қазақстанның түрлі өңірінде жұрт жарықтың тұрақты түрде өшіріле бастағанына алаңдап отыр. Шығыс Қазақстан өңірінен ақпарат тарататын yk.kz сайтының хабарлауынша, 9 қарашада "Шығысэнерготрейд" компаниясы KEGOC компаниясынан электр энергиясы тапшылығына байланысты ШҚО тұрғындарына энергияны шектеп беретіні жөнінде хабарлама алғанын айтқан. Бір күн бұрын осы өңірде Шемонаиха ауданының тұрғындары жарықсыз қалған.

Сейсенбі, 9 қарашада Шымкент, Алматы маңындағы бірқатар елді мекендер, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында да осыған ұқсас ақпарат тарады.

Бір апта бұрын KEGOC компаниясы елде электр энергиясын тұтыну көлемі артқандықтан және суық түскендіктен энергия тапшылығы туындап жатқанын хабарлаған. Осыған орай, электр энергиясын шамадан тыс пайдаланатын жекелеген тұтынушыларға шара қолданылады.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, 6 қарашада компания үш ірі тұтынушыға шектеу енгізген, олардың арасында майнинг фирмасы (Павлодар облысы Екібастұз қаласында шоғырланған Enegix АҚ) да бар.

"2021 жылдың өткен 10 айы ішінде 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тұтыну көлемі Оңтүстік аймақ бойынша 11,6 %-ға, Солтүстік аймақ бойынша 5,7 %-ға және Батыс аймақ бойынша 7,5%-ға артқан. Ең жоғары жүктеме сағаттарында қуатты тұтыну өткен жылғы мәннен 1500 МВт-тан да асып тұр. Тұтынудың осылайша ауытқымалы өсуі ең алдымен цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұтынушылар үлесінің артуына байланысты" делінген компанияның 4 қараша күнгі хабарламасында.

Былтыр қараша айында да Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды, Қызылорда облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында жарық сөніп қалған болатын. Алматының кейбір аудандарында соның салдарынан бағдаршамдар істемей, троллейбустар тоқтаған. Көлік тығыны пайда болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG