Accessibility links

Сенат президент ұсынған кандидатты Жоғарғы сот судьясы етіп бекітті


Берік Нәжімиденов.
Берік Нәжімиденов.

11 қарашада Сенат бұған дейін қаржы министрлігінде ішкі мемлекеттік аудит комитетін басқарған Берік Нәжімиденовті Жоғарғы сот судьясы етіп тағайындады. Сенатқа кандидат жөнінде мәлімет берген Қазақстан президентінің парламенттегі өкілдігінің жетекшісі Бейбіт Исаев Нәжімиденовті судьялыққа мемлекет басшысының ұсынғанын, үміткердің қаржы бақылауы және мемлекеттік аудит саласында "тәжірибесі мол" екенін атап өтті.

"Кейінгі бес жылда қаржы министрлігінде қызмет етті" деді Исаев.

"Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы" заңға сәйкес, Жоғарғы сот судьясы болып заң саласында кемінде 20 жыл тәжірибесі бар, кемінде он жыл судья болып істеген, бес жыл облыстық сот судьясы болған, Жоғарғы соттың пленарлық отырысынан оң мінездеме алған адам тағайындалады. Дегенмен аталған заң бойынша, президент Жоғарғы сотқа байқаудан тыс кандидатты ұсына алады.

Ашық дереккөзге қарағанда, 42 жастағы Берік Нәжімиденовтің судьялық тәжірибесі жоқ. Павлодар мемлекеттік университетін "экономист-менеджер", "заңгер" мамандығы бойынша тәмамдаған Нәжімиденов 2000-2002 жылдары "Павлодар мұнай өңдеу зауытында" оператор болып жұмыс істеген. Әр жылдары түрлі деңгейдегі қаржылық қадағалау мекемелерінде түрлі қызмет атқарған. 2020 жылдың тамыз айынан бері Қаржы министрлігіне қарасты ішкі мемлекеттік аудит комитетіне жетекшілік еткен.

Заң бойынша, Жоғарғы сот төрағасы, судьялары мен сот алқасының төрағасын президент ұсынысы негізінде Сенат тағайындайды. Жоғарғы сот судьяларының санын сот төрағасының ұсынысымен президент анықтайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG