Accessibility links

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінде Тоқаев сутегі энергетикасы консорциумын құруды ұсынды


Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-саммиті. Түркия, 12 қараша 2021 жыл.

12 қарашада Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің 8-саммиті кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сутегі энергетикасын дамыту бойынша консорциум құруды ұсынды. Бұл жөнінде Ақорда сайты жазды.

Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев "қазіргідей күрделі жағдайда орнықты даму үшін күш-жігер біріктірудің, жаңа технологияларды игеру саласында ынтымақтастық орнатудың аса маңызды" екенін атап өткен. Ол осы тұрғыдан алғанда түркітілді мемлекеттер бірлесіп әрекет етуге тиіс бірнеше маңызды бағытты атаған. Арасында сутегі энергетикасы да бар. Тоқаев әлемде оны "таза отынның жаңа түрі" санайтынын айта келе, Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар екенін жеткізген.

"Осы орайда елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет. Мұнда ғалымдарымыз бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына болады" деді Қазақстан басшысы.

Тоқаев сонымен бірге ғаламдық жылыну, су мен азық-түлік қауіпсіздігі, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелерінде ортақ шешім табуға үндеген. "Бұл шекаралас жатқан елдер үшін ортақ проблема болғандықтан Қазақстанның бірлесіп гидроқұрылымдар салуға дайын екенін жеткізген".

Президент сонымен бірге жасыл технологияға қатысты ортақ жобаларды жүзеге асыру үшін жасыл капитал нарығын дамыту жөнінде айтқан.

"10 жылда дүниежүзіндегі жасыл облигациялардың көлемі 20 есе өсіп, 2 триллион долларға жетті. Қазақстан да тұрақты облигациялар нарығын дамытуды қолға алды. Биыл оның жалпы құны 100 миллион доллардан асты. Бұл жұмыс "Астана" халықаралық қаржы орталығы мен Қазақстан қор биржасында жүргізіліп жатыр. Мен осы ұйымдардың мол тәжірибесін және тиімді құралдарын кеңінен пайдалануға шақырамын. Біз өңірлік жасыл капитал нарығын дамытуға мүдделіміз. Түркі елдерінің жасыл облигацияларын аталған құрылымдарда орналастыруға дайынбыз" деді Тоқаев.

Ол "Түркі ұйымының заманауи технопарктер орталығын құру" идеясын да алға тартты.

"Келесі жылы IT саласында еңбек етіп жүрген жастарымыздың арнайы форумын өткізуді ұсынамын. Оны "Astana Hub" халықаралық IT-стартаптар технопаркінде ұйымдастыруға болады. Қазір онда 560-тан астам компания жұмыс істеп жатыр. Оның 55-і шетелдік компания. Стартаптар соңғы 2,5 жылда 375 миллион доллардан астам пайда тапты. Сонымен бірге 132 миллион долларға жуық инвестиция әкелді. Жалпы, "Astana Hub" технопаркінде жеңілдетілген визалық режим бар. Ал онда жұмыс істейтін компаниялар салықтан босатылады" деді ол.

Ақорданың жазуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев "қиын-қыстау замандарда қазаққа құшағын жайған түрік халқына алғыс айтқан".

"Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын" деді Тоқаев.

Саммиттің соңында 11 шақты құжатқа қол қойылған. Олардың тізімін Ақорда сайты жариялады. Арасында "Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің" атауын "Түркі мемлекеттері ұйымы" атауына өзгерту туралы шешім де бар.

Саммит Стамбул қаласының оңтүстік-шығысында Мәрмәр теңізінде орналасқан Демократия және бостандық аралында өткен.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан мүше. Саммитке бақылаушы елдердің басшылары ретінде Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG