Accessibility links

Жарылыстан кейін армян-әзербайжан шекарасында атыс болғаны хабарланды


Таулы Қарабақтағы бақылау-өткізу пунктінде жарылғыш зат жарылып, үш әзербайжан солдаты жараланғаннан кейін Армения мен Әзербайжан жағы бір-бірін атысты тоқтату туралы келісімді бұзды деп айыптады.

Армения қорғаныс министрлігі әзербайжан күштерінің 13 қарашада түсте Гегаркуник ауданындағы Верин Шоржа аумағына қарай оқ атқанын хабарлады.

"Қарсылас жаққа тойтарыс берілді. Армян жағынан зардап шеккендер жоқ" делінген қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Ал Әзербайжан тарабы армян күштерін Басаргечар ауданының Юхари Шардже аумағынан әзербайжанның Келбаджар ауданы Зейлик ауылына қарай снайперлік винтовкамен оқ атқанын, граната да қолданғанын айтты.

Әзербайжан әскери билігінің айтуынша, атыс сол маңда түстен кейін де жалғасқан. Бірақ зардап шеккендер жайлы ақпарат таратпады.

8 қарашада Таулы Қарабақта әзербайжан бақылауындағы Шуша қаласында армян азаматы қаза болғаннан кейін тараптар арасында жағдай қайта ушыққан. Степанакерт қаласының билігі шабуылды айыптап, жәбірленушілердің су құбырын жөндемек болған қарапайым жұмысшылар екенін хабарлаған.

13 қарашада армян азаматы 8 қарашадағы оқиға болған маңға жақын әзербайжан бекетіне жарылғыш зат лақтырған. Ресейлік бейбіт бітімгер күштері бір ер адамды ұстап, Армения билігіне тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG