Бундесвер коронавирус жұқтырғандардың күрт өсуіне байланысты төтенше жағдайға дайындалып жатыр, деп жазды "Неміс толқыны". Мемлекет "шамадан тыс салмақ түсіп жатқан ауруханалар мен денсаулық сақтау органдарын қолдау үшін 12 мың әскери қызметкерді жылдам топтастыруды" көздеп отыр. Әскер қосымша вакцина салу науқанына, сонымен бірге қарттар үйлері мен ауруханаларда жылдам тест жүргізуге көмектеседі.
13 қарашаға қарай, елде коронавирус жұқтыру коэффициенті 277,4-ті құрады. Бұған дейін ең жоғары көрсеткіш 2020 жылы 22 желтоқсанда (197,6) тіркелген еді. Алайда ол кезде Германияда ешкім ковидке қарсы вакцина салдырмаған болатын.
Германия канцлері Ангела Меркель 13 қарашада азаматтарды вакцина салдыруға үндеп, "ұлт болып жұмылып" коронавирустың төртінші толқынын еңсеруге шақырды. Халыққа "күрделі кезеңдер күтіп тұрғанын" айтып ескертті.
Германияда қазан ортасынан бері коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар үздіксіз артып келе жатыр. Сарапшылар індеттің қайта өршу себебін вакциналау науқанының төмендігінен көреді. Елде халықтың шамамен 67 пайызы вакцинаның толық дозасын алған. Меркель вакцинадан бас тартқандарға "ойлануға" кеңес берді.
Қазір Еуропа коронавирус індетінің ошағына айналған. Бірнеше мемлекет індетті тежеу үшін шектеу шараларын қайта енгізді.
Ал Италия мен Нидерландыда мыңдаған адам көшеге шығып, үкімет қойған шектеулерге наразылық білдірді.
ПІКІРЛЕР