Accessibility links

Болгарияда президент пен парламент сайлауы қатар өтіп жатыр. Бұл бір жыл ішіндегі үшінші сайлау


Болгарияда президент пен парламент сайлауы қатар өтіп жатыр. Сайлаушылар бір жыл ішінде осымен үшінші рет дауыс беріп отыр. Сәуір мен шілдеде бірде-бір партия министрлер кабинетін жасақтай алмаған. Елде саяси дағдарыс дендеп, қымбатшылық пен коронавирус індеті өршіген.

Үкіметтің жасақталуын Болгарияның 2024 жылға қарай еуро валютасына көшу жоспары мен қыс кезінде энергия бағасын арзандату шараларын кешіктіруі кідіртіп жіберуі ықтимал.

Еуроодақ пен НАТО-ға мүше Болгария коммунизм құлағалы бері отыз жыл бойы сыбайлас жемқорлықтан арыла алмай келеді. Еуроодақтағы ең кедей елдердің бірі саналатын мемлекет жемқорлықпен күрес және сөз бостандығы бойынша одақ елдері арасында соңғы орындарда тұр.

Он жылдан астам билікте болған премьер-министр Бойко Борисов сәуір айында жемқорлыққа қарсы жаппай наразылықтардан кейін қызметінен кеткен. Артынша сәуір мен шілде айларында өткен парламент сайлауынан нәтиже шықпады, осылайша үшінші рет сайлау өтіп жатыр.

Әлеуметтік сауалнама қорытындысы Борисовтің ГЕРБ партиясы 240-орындық Ұлттық жиын мандатының басым бөлігін иемденеді дегенді көрсеткен. Алайда коалиция құру мүмкіндігінің аздығы тағы да қиындық тудыруы ықтимал.

Ал президент сайлауында қазіргі басшы Румен Радев жеңеді деген болжам бар. Әлеуметтік сауалнама қорытындысы осыны көрсеткен. Ол екінші мерзімге сайлануы мүмкін.

Сайлаудан кейін министрлер кабинеті жасақталмаса, Радев тағы да уақытша үкімет құрамын жасақтауға мәжбүр болады.

Болгар саясаттанушысы Иван Крастев bTV телеарнасына берген сұхбатында бұл жолы да үкімет жасақталмаса, онда бұл "саяси жүйенің өзін өлтіруі болып саналады" деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG