Ливияның бұрынғы диктатор басшысы марқұм Муаммар Каддафидің ұлы Сейф әл-Ислам жексенбіде ел президенттігіне үміткер ретінде тіркелді. Ливияда биыл 24 желтоқсанда алғаш рет президент және парламент сайлауы өтеді.
Елін 42 жыл басқарған Муаммар Каддафи 2011 жылы 20 қазанда туған қаласы Сиртке жақын жердегі жол бойында қаза тапқан. Каддафи режиміне қарсылар жаралы диктаторды азаптап өлтірген.
Елде бұдан кейін де азаматтық соғыс тоқтаған жоқ. Ливияның батысы мен шығысы әлі күнге дейін түрлі күштердің бақылауында. Биыл ғана ортақ үкімет пен сайлау өткізу туралы ортақ мәмлеге келу мүмкін болған.
Каддафидің оң қолы әрі мұрагері Сейф әл-Ислам әкесінің қазасынан кейін бірнеше жыл қарулы топтың бірінде тұтқында болған. Триполи соты оны өлім жазасына да кескен. Бірақ кейін сот шешімін өзгертіп, Сейф әл-Ислам босатылған. Қазір 49 жастағы Сейф әл-Ислам оңтүстіктегі Себха қаласында өзінің үміткер болғысы келетінін мәлімдеді. Әдетте әкесі киіп жүретіндей ливиялық дәстүрлі киімін киген ол сөз арасында Құран аяттарын келтірген.
Көпшілікке көп шықпайтын Сейф әл-Ислам басты ақпарат құралдарына бірнеше сұқбат берген.
BBC-дің жазуынша, Каддафидің ұлы Ливия қоғамында беделді әрі танымал тұлға болғанымен, оны әкесінің режимі үшін жек көретіндер аз емес.
Сайлауға Каддафидің ұлынан өзге бірнеше ірі саяси тұлға түспек. Олардың арасында генерал Халифа Хафтар, премьер-министр Абдудхамид әл-Дбейба мен Бенгази парламентінің спикері Агила Салех те бар. Сайлау күні белгіленгенімен оның қалай өтетіні әзірге белгісіз.
ПІКІРЛЕР