Accessibility links

"ҚазМұнайГаз" Қаламқас кенішін Ресейдің "Лукойлымен" бірге игереді


"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы АҚ мен Ресейдің "Лукойл" компаниясы Каспий теңізіндегі Қаламқас кенішін бірігіп игеру жөнінде келісімге қол қойды. 16 қарашада ҚМГ басшысы Алик Айдарбаев пен "Лукойл" жетекшісі Вагит Алекперов "Қаламқас-теңіз және Хазар" жобасының принциптері туралы келісімге қол қойған. Бұл жөнінде "ҚазМұнайГаз" компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Компанияның айтуынша, құжат ҚМГ мен "Лукойл" арасында кенішті бірігіп игерудің "тұжырымдамасын, талаптары мен шарттарын айқындау жөнінде одан әрі келіссөз жүргізуді көздейді".

Кездесу кезінде Айдарбаев аталған жоба "өзара тиімді серіктестікке тың серпін береді" деп атап өткен. Ал Алекперов бұл келісім арқылы "үйлесімді ықпалдастықтың берік негізін қалаймыз" деп мәлімдеген.

ҚМГ мен "Лукойл" Қарашығанақ, Теңіз, Әл-Фараби, Жеңіс жобалары, сонымен бірге Каспий Құбыр Консорциумы мұнай тасымалдау жобасы, Хвалынск және Орталық кен орындарын игеру жөніндегі бірлескен кәсіпорындарға қатысады.

Осыдан екі жыл бұрын North Caspian Operating Company N.V компаниясы жоба күрделігіне байланысты Қаламқас-теңіз кенішін игеруден бас тартқан. Royal Dutch Shell британ-нидерланд мұнай компаниясы да "табыс аз болғандықтан" Қаламқас-теңіз және Хазар кенішінен бас тартқан.

Қазақстан Энергетика министрлігі сол кезде Қаламқас-теңізі кенішін игеру құқығын мемлекет меншігіне қайтарғаннан кейін өзге иневсторларды тарту мәселесі қаралатынын айтқан.

Қаламқас-теңіз кенішіндегі мұнай қоры 159 млн тонна деп бағаланған.

Vlast сайтының жазуынша, қыркүйек айында Ресей мен Қазақстан аймақаралық ынтымақтастық форумы кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қаламқас-теңіз және Хазар" кенішін игеруге ресейлік "Лукойл" компаниясының атсалысатынын хабарлап, жобаның жалпы құны 5 млрд доллар екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG