Армения қорғаныс министрлігі сейсенбі, 16 қарашада Әзербайжанмен шекарада атысты тоқтату туралы келісімге келгенін хабарлады. "Ресей тарабының араласуымен Арменияның шығыс аумағында жергілікті уақыт бойынша сағат 18:30-дан бастап атысты тоқтату туралы келісім жасалды. Жағдай салыстырмалы түрде тұрақталды" делінген ведомство таратқан хабарламада.
Ресей қорғаныс министрлігі де Армения мен Әзербайжан шекарасындағы Килисали таулы ауданында соғыстың тоқтағанын хабарлады. Мәскеудің айтуынша, ведомство жетекшісі Сергей Шойгу мен Әзербайжан, Армения қорғаныс министрлері телефонмен әңгімелескеннен кейін сондай келісімге келген. Шойгу тараптарды жағдайды ушықтыратын әрекеттерді тыюға шақырған.
Бұған дейін Армения Таулы Қарабақта әскери операциялардың қайта жандануына байланысты Ресейден көмек сұрап, суверенді территориясын қорғауға шақырған. Ереван 1997 жылы Ресеймен жасасқан екіжақты келісімге сүйенген. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Армен Григорянның айтуынша, Армения Ресейден территориялық тұтастығын қалпына келтіруге көмектеседі деп үміттенетінін жеткізген. Мәселе әскери көмек жөнінде болып отыр.
Армения СІМ одан бөлек, Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымы (Оған Армения мен Ресейден бөлек, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан мүше) мен ЕҚЫҰ-ның Минск тобынан жағдайға араласуын сұраған.
Сейсенбі күні Ереван мен Баку бір-бірін шабуыл жасады деп айыптады. Әзербайжан қорғаныс министрлігі армян тарабының шабуылы салдарынан екі солдаттың жараланғанын айтқан. Ведомство дерегінше, армян тарабы Келбаджар және Лачиндегі бекеттерді миномет, артиллериямен атқылаған.
Ал армян жағы Әзербайжанның өзін кінәлап, шекарада артиллерия, бронды техника және өзге де қаруларды пайдаланды деп айыптады. Ереван зардап шеккен және қаза болған армян азаматтарының санын анықтап жатқанын хабарлады. Қазіргі кезде бір әскери қызметкердің қаза болғаны расталған. 12 адам тұтқынға алынған.
Кремльдің баспасөз қызметі 16 қарашада Ресей президенті Владимир Путиннің Армения премер-министрі Никол Пашинянмен телефонмен сөйлескенін хабарлады. Саясаткерлер "бірқатар оқиғалардан кейінгі шекара ахуалын" талқылап, қарым-қатынасты нығайту жөнінде келіскен.
Бір жыл бұрын Армения мен Әзербайжан басшылары Таулы Қарабақта атысты тоқтату жөнінде ортақ келісімге қол қойған. Содан бері шекарада жағдай ауық-ауық ушығып келеді. Ортақ келісімге сәйкес, Баку жағына бірқатар аудандар қайтарылған, бірқатар ауданға Ресей бітімгерлері орналастырылды. Былтыр күзде алты аптаға созылған соғыста екі жақтан 6,5 мың адам қаза болған.
Сарапшылар соңғы жағдайды былтырдан кейінгі оқиғалардың ең ірісі деп атайды.
ПІКІРЛЕР