Accessibility links

Мәжіліс Ресей салып беретін Жамбыл минералды тыңайтқыштар зауыты жөнінде жобаны мақұлдады


Мәжіліс отырысы.
Мәжіліс отырысы.

17 қарашада Мәжіліс Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар зауытын салуды қарастыратын жобаны бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат "Қазақстан Республикасының үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы "Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану" жобасын іске асыру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы деп аталады.

"Келісім Жамбыл облысында фосфат шикізатты өндіруден бастап экспортқа бағдарланған өнім - минералдық тыңайтқыштар мен ілеспе индустриялық өнімдер шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар инновациялық химиялық кешеннің құрылысы мен пайдаланылуын қамтамасыз ететін қажетті инвестициялық және нормативтік-құқықтық жағдайлар жасауды көздейді" деді жобаны таныстырған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Жобаны ЕuroСhem Group трансұлттық компаниясына еншілес ресейлік "ЕвроХим" компаниясы жүзеге асырады. Ол екі кезеңнен тұрады: Бірінші кезеңде тау-кен кешені пайдалануға берілген.

"Оның базасында жылына 660 мың тоннаға дейін фосфорит өндіріледі. Қуаты жылына 640 мың тонна болатын орташа ұсақтау және ұсақ ұнтақтау торабы салынған. Инвестиция сомасы 126 млн АҚШ долларын құрады. Қазіргі таңда 550 жаңа жұмыс орны ашылды" деді Атамқұлов.

Оның айтуынша, екінші кезеңде жылына 1 млн тонна минералды тыңайтқыш пен индустриялық өнім шығаратын инновациялық химиялық кешен салынады. Қазіргі кезде "Еурохим" 138,7 млн долларды инвестициялаған.

Келісім аясында "Еурохим" корпоративтік табыс салығынан, қосымша құн салығынан, мүлік және жер салығынан босатылады. Жоба авторлары Мәжіліс отырысы кезінде бұл зауыт іске қосылғаннан кейін Қазақстан экспортқа шығаратын өнім түрлері көбейіп, бюджетке салық түсімі де артатынын айтты.

Атамқұлов жоба қоршаған ортаға теріс әсер етпейді деп сендіруге тырысты. Оның айтуынша, зауыт "қалдықсыз технология" негізінде жұмыс істейді.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, кәсіпорынға қажет шикізат Қаратау фосфорит алабынан өндіріледі. Одан бөлек, Ресейден калий хлориді тасымалданады. Бұған дейін Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі жоба құны 1 млрд доллар екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG