Accessibility links

Алматыда ипотекалық қарызы бар бір топ әйел Қаржы нарығын реттеу агенттігіне барды


Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ғимараты. Агенттік наразы әйелдерге шағымдарын тыңдауға уәде берген соң олар ішке кіруге келіскен. Алматы, 17 қараша 2021 жыл.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ғимараты. Агенттік наразы әйелдерге шағымдарын тыңдауға уәде берген соң олар ішке кіруге келіскен. Алматы, 17 қараша 2021 жыл.

17 қарашада Алматыда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің алдына бір топ әйел барып, ипотекалық қарыздарын кешіруді талап етті. Олардың көбі – көп балалы немесе жалғыз басты аналар. Наразылар қымбатшылықтың салдарынан халықтың тұрмысы нашарлағанын айтып, биліктен қарызға белшесінен батқан әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетуін сұрады.

Жиырмадан астам әйелдің кейбірі Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларынан келгенін айтты.

– Мен жалғызбасты анамын. Ауырып ипотекалық несиемді төлей алмаған жайым бар. Әзірге әркімнен қарыз алып, қарызға белшеден батып жатырмын. Осыдан бес ай бұрын үш-төрт ай төлей алмай қалған кезде банк "үйіңді алып қоямыз" деген кезде жан-жақтан қарыз сұрап, құтылғанмын. Енді қайтадан сол жағдай қайталанып жатыр. Себебі, істейтін жұмысым жоқ. Денсаулықтан айырылып отырмын. Осы мәселемді жеткізу үшін сонау астанадан келіп тұрмын, – деді Мақпал Жүнісова есімді әйел.

Ол "үкімет 2004-2009 жылдары ипотека алған борышкерлерің қарызын кешірген сияқты халықты алаламай, біздің де несиемізді кешірсін, біз де қиын жағдайда қалып отырмыз" деді.

Наразылар биліктен ипотека қарызын өтей алмай, қиын жағдайда қалған көп балалы аналар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар, жалғыз басты аналар, зейнеткерлерге көмектесуін сұрады.

Бұған дейін ҚазТАГ агенттігі жалғыз баспанасынан күшпен шығарылған, сол кезде "соққыға жығылған" екі баланың анасы Майана Надирова туралы жазған. Сәрсенбі күнгі акцияға ол да келді. Ол Азаттық тілшісіне "бір жыл бұрын банктің кепілдік ретінде қойған жалғыз баспанасын өзіне хабарламай өз бағасынан бірнеше есе арзан бағаға сатып жібергенін" айтып шағымданды. Азаттық бұл ақпаратқа қатысты әзірге екінші тараптан пікір ала алмады.

Сәрсенбі күні Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері шығып, аналарды ішке кіргізген. Әзірге тараптардың келіссөзі жөнінде ақпарат жоқ.

Қыркүйек айында баспанадан күштеп шығарумен байланысты қайғылы оқиғадан кейін елде екінші деңгейдегі банктердің жоғары пайыздық мөлшерлемесі, азаматтарды жалғыз баспанадан айыру, әділетсіз сот шешімдері, бағалаушылардың "әділетсіз әрекеті", кепілге қойылған үйлердің тым арзан бағалануы сияқты мәселелер қайта көтерілген.

Бір күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев "қаржы секторына зиян келмейтіндей қарыз алушыларды қолдау" қажеттігін айтқан. Ол екінші деңгейлі банктер мүлікті кепілге алу саясатын жұмсартуы тиіс, бағалау қызметін реттеуді күшейту керек деген. Тоқаев қарызын төлеп бітуге аз қалған, кірісі аз азаматтардың несиесін кешіру туралы да айтқан.

"Аукциондардың да ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету керек. Аукционға шығарылған кепілге алынған жылжымайтын мүлік оның бағалау құнынан 75 пайыздан арзанға сатылмауы тиіс" деген еді Тоқаев. Оның айтуынша, Қазақстанда 540 мың адамның кемінде 90 күн төленбеген несиесі бар, олар банкке 354 млрд теңге қарыз.

Жаңалықты әзірлеуге Заңғар Омар да қатысты.

Қарай отырыңыз: "Бүкіл дүкенге қарызға кірдім". Ондаған адам кредитін кешіруді сұрады (15 қараша 2021 жыл).

"Бүкіл дүкенге қарызға кірдім". Ондаған адам кредитін кешіруді сұрады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:23 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG