Accessibility links

Жамбыл облысында қатты боран соғып, үйлердің шатыры ұшты, көліктің аударылғаны хабарланды


Қатты боранның салдарынан төбесі қираған ғимарат. Көрнекі сурет.
Қатты боранның салдарынан төбесі қираған ғимарат. Көрнекі сурет.

17 қарашада Жамбыл облысында қатты боран соғып, үйлердің шатыры ұшқан. Әлеуметтік желі қолданушылары күшті боранның салдарынан аударылған көліктердің видеосын жариялады.

Жамбыл облысы Төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, Таразда жел жылдамдығы 32м/с жетіп, үйлердің шатыры ұшқан. Әзірге зардап шеккендер жайлы мәлімет жоқ. Төтенше жағдай мамандары тұрғындарды сақ болуға шақырды.

Әлеуметтік желі қолданушылары Таразда ағаштардың құлап, ғимарат шатырларының бүлінгені жайлы видеолар жариялады. Бір видеода қолданушы Тараз қаласындағы полиция бөлімшесі ғимаратының шатыры ұшып, жолды жауып қалғанын хабарлады.

Сарысу ауданы деп көрсетілген тағы бір видеода полицейлердің қатты боранда сөйлеп тұрғаны көрінеді. Олар жұртқа алыс жолға шықпауға ескерту жасағысы келген тәрізді, бірақ олардың сөздері естілмейді.

Informburo сайтының жазуынша, боранның салдарынан республикалық маңызы бар Алматы – Термез – Ташкент жолы (534-596 км аралығы), облыстық маңызы бар Күйік – Қарабастау – Қаратау – Жаңатас (66-140 км аралығы), облыстық маңызы бар Құмкент – Шолаққорган-Ащысай –КХ-190 (Созақ ауданындағы 39-75км аралығы) трассасы жабылған.

Төтенше жағдай қызметінің мамандары Алматы – Ташкент трассасында 26 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG