Accessibility links

Капитолийге басып кірген "бақсы" үш жыл бес айға бас бостандығынан айырылды


АҚШ соты биыл қаңтарда "бақсы киімінде Капитолийге басып кірген" Аризона штатының тұрғыны Джейкоб Ченслиді үш жыл бес айға бас бостандығынан айырды.

Айыптау тарабы бақсыға төрт жылдан астам жаза сұраған. Адвокаттар он айға түрмеге қамауды өтінген. Қорғау тарабының айтуынша, Ченсли "баяу ағымды шизофрения", уайым-қайғы мен депрессияға шалдыққан. Сотталушы кінәсін мойындады.

Ченсли Капитолийдегі тәртіпсіздік кезінде мүйізі бар тымақ киіп, ерекше костюмімен көзге түскен. Ол сенат ғимаратында вице-президенттің үстеліне отырып, суретке түскен. Оның барлығы ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіге кеңінен таралды.

Ол 9 қаңтарда ұсталды. Сол күні оған Капитолийге қасақана түрде басып кіріп, қоғамдық тәртіпті бұзды деген айып тағылды. Артынша қамалды.

Президент Дональд Трамп жақтастары 6 қаңтарда Капитолий ғимаратына басып кіріп, демократ Джо Байденнің президент сайлауындағы жеңісін бекітпек болған сенат отырысына кедергі келтірген. Штурмнан кейін бес адамның қаза болған белгілі болды. Арасында бір полиция офицері бар.

Капитолийдегі оқиғаның алдында сол күні Дональд Трамп Ақ үйге жақын аумақта жақтастарының алдында сөз сөйлеген. Ол "президент сайлауының нәтижесі бұрмаланғанын" айтып, сотта заңгерлері дәлелдей алмаған тұжырымдарды жеткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG