Accessibility links

Қазақстан дін бостандығын бұзатын елдер тізіміне енуге аз қалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ мемлекеттік департаменті "дін бостандығын сорақы түрде бұзатын" төрт мемлекетті арнайы бақылаудағы елдер тізіміне енгізді. Бұлар: Алжир, Камор аралдары, Куба және Никарагуа. Мемлекеттік департамент АҚШ-тың халықаралық дін бостандығы жөніндегі комиссиясының (USCIRF) бұл тізімге Ауғанстан, Әзербайжан, Қазақстан мен Өзбекстанды енгізу жөнінде рекомендациясын орындамады.

Конгресс құрған, екі партия өкілдерінен құралған тәуелсіз орган – АҚШ-тың халықаралық дін бостандығы жөніндегі комиссиясы сәуір айындағы есебінде Қазақстанды дін еркіндігін бұзғаны үшін тізімге енгізуді ұсынған.

АҚШ комиссиясы өз есебінде Қазақстанда әкімшілік істер азайса да, діни азшылықты қудалау әлі де бар екенін атап өткен. Есеп авторларының айтуынша, үкімет бірнеше протестант шіркеуінің мүліктерін кәмпескелеген, ар-ұждан еркіндігі мен адам құқығының сақталуын талап еткендер "жала жапты" деп айыпталып, әкімшілік жазаға тартылған; "экстремизм" бабымен сотқа тартылған діни топтар да бар.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 17 қарашада АҚШ Ресейді "дін еркіндігін өрескел бұзатын" елдер қатарына енгізуді жөн көргенін айтты. Осылайша Ресей Иран, Пәкістан, Тәжікстан, Түркіменстан және тағы бес мемлекет бар тізімге енген.

"Үкіметтерге бұдан әрі қарай да қысым көрсете береміз. Олар заң мен тәжірибедегі кемшіліктерді түзеуі тиіс, сонымен бірге кінәлілерді жауапқа тартуы керек" деді Блинкен.

USCIRF сәуір айындағы есебінде былтыр Ресейде "дін еркіндігі" нашарлап, билік "дәстүрлі емес" топ өкілдеріне айыппұл салып, ұстап, қамаған, қысым көрсеткен деп жазды. Мысалы, Ресейде "Иегово куәгерлері" үстінен 200-ден астам қылмыстық іс қозғалған. 2017 жылы сәуірде Ресей Жоғарғы соты "Иегово куәгерлерін" экстремистік ұйым деп танып, олардың қызметіне тыйым салған. Сот шешімінен кейін аталған ұйымның мыңдаған өкілі елден кетуге тырысып, шетелден саяси баспана сұрауға мәжбүр болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG