Accessibility links

Лукашенко 2 мың босқынды Еуропа одағы қабылдауы керек деп санайды


Беларусь пен Польша шекарасында жатқан босқындар
Беларусь пен Польша шекарасында жатқан босқындар

Еуропа одағының басшылығы Беларусь президенті Александр Лукашенко Польшамен шекараға мигранттарды әдейі жіберіп отыр, осы әрекеті арқылы Батыстың санкциясына қыр көрсетіп, шектеулерді алып тастауға мәжбүрлегісі келеді деп кінәлайды.

Лукашенко кінәлімін деп есептемейді. Минск мигранттарды кері қайтаруға тырысқанын, бірақ олардың көнбей жатқанын айтады. Ал көптеген босқындардың сөзінше, Беларусь билігі Польшамен шекара маңынан мигранттардың Минскіге оралуына рұқсат бермейді.

Бейсенбіде Беларусьтің мемлекеттік ақпарат құралдары "Польшамен шекарадағы босқындарға арналған лагерьлер босады, мигранттардың бәрі логистика орталығындағы жылы жерге орналастырылды" деп хабарлады. Бұл көрініс әлеуметтік желіде де байқалды.

Лукашенконың баспасөз хатшысы Наталья Эйсмонт қазір Беларусь елінде Таяу Шығыстан келген 7 мыңға жуық мигрант бар екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, "Беларусь олардың 5 мыңын еліне қайтаруға дайын, ал қалған 2 мың босқынды Еуропа одағы қабылдауы керек".

Таяуда Германия канцлері Ангела Меркельмен телефон арқылы сөйлескен Александр Лукашенко да осындай ұсыныс айтқан еді. Лукашенко Германияға өткісі келетін мигранттарға арнап Польша арқылы "гуманитарлық дәліз" ашуды ұсынған.

Германия ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Хорст Зеехофер қазір Беларусь аумағында жатқан мигранттарды Германия қабылдамайды деді. "Польша мен Беларусь шекарасындағы мигранттардың бір бөлігін Германия қабылдауға дайын" деген ақпаратқа сенбеуге шақырды.

Reuters агенттігінің мәліметіне қарағанда, кейінгі айларда шекарадағы босқындардың кемі 8-і өлген. Еуропа одағының шекарасына жүзіп өтпек болып, өзен суына батып кеткен Сирия азаматы соның бірі.

АҚШ пен Еуропа одағы Лукашенконы заңды президент деп есептемейді. "Президент сайлауы нәтижесін бұрмалады, жаппай наразылықты қатыгездікпен басты" деп айыптап, Лукашенко мен оның айналасындағы адамдарға санкция салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG