Accessibility links

АҚШ конгресмендері 2024 жылдан кейін Путинді президент деп мойындамайтын резолюция ұсынды


Теннесси штатының демократ конгресмені Стивен Коэн мен Оңтүстік Каролина штатының республикашыл конгресмені Джо Уилсон АҚШ-тың өкілдер палатасына Ресей президенті Владимир Путиннің 2024 жылы соңғы мерзімі аяқталғаннан кейін әрі қарай да қызметінде қала беруге жасаған кез келген талпынысын АҚШ-тың заңсыз деп санайтыны және мойындамайтыны туралы резолюция жобасын ұсынды.

Конгресмендер Путинге 2024 жылы және 2030 жылы Ресей президенті сайлауына қатысу мүмкіндігін беретін конституциялық өзгерістер Ресейдің халықаралық міндеттемелеріне нұқсан келтіре отырып және "бүкілхалықтық дауыс беру" нәтижесін бұрмалай отырып қабылданды деп санайды.

Конгресмендер былтырғы дауыс беру кезінде "билік конституцияға өзгеріс енгізуді қолдайтын шамамен 27 миллион бюллетеньді сайлау жәшігіне салып жіберді" дейтін "Голос" қозғалысының (Ресейде шетел агенті деп танылған) мәліметіне сүйенген.

Мәтінде АҚШ-тың өзге елдерде президент өкілетін созып алуына қарсы екенін айтады.

Мәтінде фактологилық қате кеткен. Онда "Владимир Путин қазір екінші рет президент мерзімінде жұмыс істеп отыр" деп көрсетілген. Шындығында Путин төртінші мерзім президент болып отыр. 1999 жылы президент міндетін атқарушы болған ол 2008-2012 жылдары Дмитрий Медведев президент болғаннан өзге уақытта билікте отыр.

Резолюция қабылданған жағдайда, оның ұсыныс сипаты ғана болады. Бұған дейін мұндай резолюцияны Еуропарламент қабылдаған.

Ресейдің Федерация кеңесі "конгресс бұл резолюцияны қабылдаса, Ресей АҚШ-пен қатынасын тоқтатуы мүмкін, бұл құжат - Ресейдің ішкі ісіне араласу" деп мәлімдеді.

Путин 2024 жылы президент сайлауына қатысатынын, я қатыспайтынын айтқан жоқ. Конституцияға өзінің бұрынғы президент мерзімін ескермейтін өзгеріс енгізуді Путин "Ресейдің тұрақтылығы үшін керек" деп түсіндірген. Оның сөзіне қарағанда, шенеуніктер Путиннің 2024 жылы кететінін анық білсе билік үшін талас басталып кетуі мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG