Accessibility links

HRW Еуроодақты Орталық Азия министрлерімен кездескенде адам құқығын қозғауға шақырды


Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі өкілі Жозеп Боррель
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі өкілі Жозеп Боррель

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі өкілі Жозеп Боррель 22 қараша күні Душанбеде Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездеседі. Күн тәртібінде – "Талибан" билікке келген Ауғанстандағы дағдарыс. Адам құқығын қорғаумен айналысатын халықаралық Human Rights Watch ұйымы Еуроодақты кездесуде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдеріндегі адам құқығы мәселесін көтеруге, өнімді реформа мәселесін қозғауға шақырып отыр.

"Орталық Азиядағы кей елдер Ауғанстандағы дағдарысқа ғаламдық шара қолдануда маңызды рөл атқарып отыр, бірақ адам құқығы жөніндегі ішкі мәселелер де маңызды. Ауғанстандағы дағдарыс аймаққа жаңа қауіп төндіріп отыр және осы қауіптің алдын алуда адам құқығын құрметтеу, заң үстемдігін сақтау шешуші алғышарт болуы қажет" деді штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан ұйымның Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон мәлімдемесінде.

2019 жылы Еуроодақ Орталық Азияға қатысты жаңа стратегия қабылдаған. Онда аймақтағы адам құқығы мәселесі қамтылған. Бірақ кейінгі айларда Еуроодақ пен кей еуропалық елдердің Орталық Азия үкіметтерімен кездесуінде көбіне аймақтық қауіпсіздік мәселесі мен миграция сұрақтары талқыланып келеді дейді HRW мәлімдемесінде.

Ұйымның мәлімдеуінше, осының бәрі Орталық Азия елдерінде адам құқығы жөніндегі уәде етілген реформалар тығырыққа тіреліп, не бар ахуалдың өзі одан әрі нашарлаған тұста болып жатыр.

Мәселен, Тәжікстанда билік үкімет сыншыларын, шетелде жүрген диссиденттерін, олардың туыстарын "қорлап, қамап" жатыр; сайттар бұғатталып, адам құқығын қорғайтын ұйымдарға қысым көрсетіліп отыр дейді HRW.

Сондай-ақ ұйымның сөзінше, әлемдегі ең репрессияшыл әрі жабық елдердің бірі Түркіменстанда ондаған адам із-түссіз жоғалып жатыр, азаматтық қоғам ұйымдары мен тәуелсіз баспасөз құралдарына жұмыс істеуге мүмкіндік берілмейді. Билік елде Covid жоқ дей отырып, індет туралы пікір білдіргендерді жазалап отыр.

Қазақстан бейбіт жиындар мен кәсіподақтар туралы жаңа заңдар қабылдады. Бірақ бейбіт шерушілер мен оппозиция қозғалыстарының мүшелеріне айыппұл салып, қудалап, қамап жатыр, ал тәуелсіз кәсіподақтар тіркеле алмай дал дейді HRW. Ұйымның дерегінше, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25-26 қараша күндері Брюссельде іс-сапарда болмақ.

Қырғызстан парламенті бірқатар даулы заң қабылдады. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдарды қажеті шамалы қаржы декларациясын өткізуге міндеттейтін заң мен "жалған" ақпарат үшін қудалайтын заң да бар. Елдің конституциялық реформасында да адам жөніндегі халықаралық нормаларға қайшы келетін тұстар бар дейді HRW.

Ұйым өкілінің айтуынша, Өзбекстанда жуырда өткен президент сайлауында нағыз оппозиция кандидаттарын тіркемей қойған. Бұл жағдай елдегі адам құқығы ахуалының нашарлауымен тұспа-тұс келді. Билік президент сайлауы қарсаңында оппозиция қайраткерлеріне қысым көрсетіп, адам құқығын қорғайтын тәуелсіз ұйымдарды тіркемей қойды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG