Accessibility links

Түркістан әкімдігі "базарынан айырылған сатушылар талабын орындағанын" айтты


Арыс қаласындағы орталық базар маңы. Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет
Арыс қаласындағы орталық базар маңы. Түркістан облысы, 16 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет

Түркістан қаласында таяуда сүрілген "Әзиз" базарының сатушыларына қала әкімдігі өзге базардан орын тауып берген. Бұл туралы Нұр-Сұлтандағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шүкеев айтты.

Шүкеевтің сөзінше, "Әзиз" базары жолды кеңейту мақсатында сүрілген. Ал базардағы кәсіпкерлерге қала сыртына салынып жатқан жаңа базардан орын беру көзделген. Бірақ жаңадан салынып жатқан базар құрылысы аяқталмаған.

- Наразылық білдіріп, орын сұраған сатушыларға әзірге бірер айға басқа базардан орын алып бердік. Кейін жаңа базарға ауысады,- деді Шүкеев Азаттық тілшісінің сауалына.

Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, "Әзиз" базарындағы 73 сауда орнында 150-ге жуық сатушы жұмыс істеген. Олардың көпшілігі көкөніс сатқан. "Әзиз" базары толық сүрілген. Базарынан айырылған сатушылар іргелес "Қуаныш" базарына орналастырылған.

16 қарашада Түркістан қаласында "Әзиз" базары сүріле бастағаны, ондаған сатушының қарсы шығып, техниканы тоқтатуға ұмтылғаны , оларды полиция қоршап тұрғаны әлеуметтік желіде тараған.

Базар сүрілген соң 50-ден астам сатушы Түркістан облысы әкімдігіне барып, үш күн бойы наразылық білдірген.

2018 жылғы 19 маусымда Қазақстан президентінің жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан болып өзгерді, Түркістан қаласы әкімшілік орталығы болып белгіленді. Осыдан кейін түрлі мемлекеттік бағдарлама қабылданып, қала архитектрурасына өзгеріс енгізілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG