Accessibility links

Тыйым салынған ұйым митингісі қарсаңында Ақтөбе белсенділерін полиция шақыра бастады


Тіркелмеген "Демократиялық партия" белсенділерінің митингісі. Алматы, 18 қыркүйек 2021 жыл. Көрнекі сурет
Тіркелмеген "Демократиялық партия" белсенділерінің митингісі. Алматы, 18 қыркүйек 2021 жыл. Көрнекі сурет

Тыйым салынған оппозициялық қозғалыстың митингісі қарсаңында Ақтөбе белсенділері полицияға шақырту ала бастады. Полицияға шақыртылған белсенділер мұны "қысым" деп бағалайды.

- Полицияның екі қызметкері шақырту қағазын алып келді, қабылдамадым. 2019 жылдан бері мұндай шақыртуларды жүйелі түрде алып жүрмін,- дейді белсенді Қайрат Ерсейітов.

20 қарашаға полиция учаскесіне шақырту алғандардың бірі Ақтөбенің іргесіндегі Қурайлы ауылында тұратын белсенді Ахмет Сәрсенғалиев үйін күмәнді адамдардың торуылдап жүргенін хабарлады. Сәрсенғалиев оларды "күш құрылымдардың қызметкерлері болуы мүмкін" деп жорамалдайды.

- Бұған дейін үйім, көлігім, банктегі есепшоттарым бұғатталған. Үйден шығар болсам, учаскеге алып кетуі мүмкін. Полиция ертең де әдеттегідей митингі өтетін алаңға жібермеудің амалын жасайды,- дейді ол.

Митингі қарсаңында полицияға шақырту алғандар қатарында құқық қорғаушылар да бар. 18 қарашада полиция қызметкерлері Qaharman қорының өкілі, құқық қорғаушы Алтынай Туксикованың да үйіне келген.

Qaharman қоры 20 қарашадағы митингі қарсаңында Қазақстанның төрт қаласында кемі 10 белсендіге қысым көрсетілгенін хабарлады.

Алматы, Орал, Ақтау мен Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында тұратын белсенділер бейбіт митингі өткізетінін әкімдікке алдын ала хабарлап, рұқсат ала алмаған.

Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметінше, 20 қарашада бейбіт митингі өтетіні туралы әкімдікке ешқандай хабарлама түспеген. Белсенділердің жаппай учаскеге шақырылу себебі туралы Азаттық сауалына Ақтөбе полициясы жауап бермеді.

Бүгін, 19 қарашада қуғындағы бизнесмен, қазір Еуропада тұратын Мұхтар Әблязов өзі жетекшілік ететін Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысына әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы үндеу тастап, саяси тұтқындарды босату, жалақы мен зейнетақыны екі есе көбейту, шетелден әкелетін көліктерден утилизациялық алымды алып тастау туралы талап қойып, 20 қарашада Қазақстанда жаппай митингіге шығуға шақырған.

Қазақстан соты бұл ұйымды "экстремистік ұйым" деп санап, жұмысына тыйым салған, алайда Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп таныған.

Жергілікті құқық қорғаушылар Қазақстан билігі "экстремизм" бабын азаматтық белсенділерді қудалау үшін пайдаланып отыр деп кінәлайды. Билік мұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG