Accessibility links

Сағынтаев "Назарбаевқа сәлем айтқысы келген" белсендінің митинг жайлы өтінішін кері қайтарды


Белсенді Әлнұр Илияшев пробация қызметі өкілдеріне газет сатып алып жатыр. Алматы, 22 сәуір 2021 жыл.
Белсенді Әлнұр Илияшев пробация қызметі өкілдеріне газет сатып алып жатыр. Алматы, 22 сәуір 2021 жыл.

Азаматтық белсенді Әлнұр Илияшевтің митинг өткізу жайлы өтініші тағы орындалмады. Ол Алматы әкімдігіне 1 желтоқсанда түнгі сағат 00.01-00.15 аралығында Шоқан Уәлиханов алаңында акция өткізетінін ескерткен. Митинг тақырыбы ретінде "Әкім Сағынтаев, "Нұр Отан" партиясын сынағаны үшін сотталған адамнан Нұрсұлтан Назарбаевқа "сәлем айтыңыз" деп көрсеткен.

Акция жайлы өтінішті орындамаған әкімдік жауабына әкім Бақытжан Сағынтаевтың өзі қол қойған. Түсіндірме хатта "бейбіт жиналыстар жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 9-дан ерте басталмауы тиіс және кешкі сағат 8-ге дейін аяқталуы тиіс" деп көрсетілген.

Әкімдік өкілдері сонымен бірге 2020 жылдың 22 маусымындағы сот үкіміне сүйене отырып, Илияшевке 3,5 жыл бостандықты шектеу жазасы тағайындалғанын және мәжбүрлі қоғамдық еңбекке тартылғанын да алға тартқан.

Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Әлнұр Илияшев әкімдіктен бұдан басқа жауап күтпегенін айтты. Ол өтінішін "мемлекеттік аппараттың бейбіт митинг өткізу туралы өтініштерге жауап беру тәсіліне қарсылық" деп атады.

— Бұл әсіресе, Қазақстанның қазіргі авторитар жүйесінің негізін қалаушы әрі жетекшісіне арналған мереке қарсаңында (1 желтоқсанда Бірінші президент күні атап өтіледі) маңызды. Бейбіт жиын өткізу туралы конституциялық құқығымды жүзеге асыруға рұқсат бермеген 36 қаулыға қол жеткізуді жоспарлап отырмын. Қазақстанда "Тоқаевтың демократиялық реформаларының" қалай "жүзеге асып жатқанын көрсету үшін" оларды жақтау ішіне қойып, арт-нысан жасауға болады, – деді Илияшев. ​

Белсенді Әлнұр Ильяшевті сот былтыр маусым айында "төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратты таратты" деп танып, бостандығын үш жылға шектеген. 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. Бұған қоса, бес жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған.

Қылмыстық іске түрткі болған былтырғы Facebook жазбаларында Әлнұр Илияшев "Нұр Отан" партиясын, сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын сынаған. Жоғарғы сот пен бас прокуратура Илияшевке апелляциялық шағымын қаратуға мүмкіндік бермеді.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін белсендінің азаматтық құқығын бұзбауға шақырып, оған шыққан үкімнің күшін жоюға үндеген еді. АҚШ мемлекеттік департаменті де үкімді сынаған. Сәуір айында Әділдік үшін Клуни қоры (Clooney Foundation for justice, CFJ) белсендінің үкімін өзгеріссіз қалдырған Алматы сотының шешіміне өкініш білдіріп, белсендіні қудаламауға үндеген.

Қазан айында Алматының № 2 Алмалы аудандық сотында Илияшевтің өзін "саяси қуғын құрбаны ретінде" тану туралы өтініші бойынша шағымы қарала бастады. Сот оның шағымын бірден қараған жоқ. Белсенді шешімді апелляцияға беріп жатып аудандық сотта қайта қаралуына қол жеткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG