Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) 19 қарашада теннисші Пэн Шуайдың жоғалуына байланысты ондаған миллион доллар инвестиция құйылған Қытайдағы турнирінен бас тартуға дайын екенін мәлімдеді.
Бұл жөнінде АҚШ ақпарат құралдарына WTA атқарушы директоры Стив Саймон хабарлады. 19 қарашада ол Reuters'ге жіберген мәлімдемесінде ұйымның бұл мәселеде "екі ойлы" болып тұрғанын айтты.
"Пэн Шуайдың қауіпсіз жерде екеніне көз жеткізбейінше және оның зорлау туралы айыптаулары жан-жақты, әділ әрі цензурасыз тексерілмейінше үндеуімізді жалғастыра береміз. Әйтпесе, WTA нені дұрыс деп тапса, солай әрекет етуге әзір" деді ол.
Twitter'де бұл мәлімдемеге қытайлық ірі ресурс Global Times сайтының редакторы Ху Сицзинь реакция білдірді. Ол қауымдастықтың "мәжбүрлейтін сарындағы" мәлімдемесін сынады.
Қытайдың теннис жұлдызы Пэн Шуай 2 қарашада өзін "вице-премьер Чжан Гаолидің зорлағанын" айтып, әлеуметтік желіде жазба қалдырған.
Чжан да, Қытай үкіметі де түсініктеме бермеді. Пэннің хабарламасы желіден жылдам өшірілді, теннисшінің өзі жұрт көзінен таса болды. 18 қарашада Қытай мемлекеттік БАҚ "спортшы атынан жазылған" хатты жариялады. Онда ол "айыптаудан бас тартып, өзінде бәрі жақсы" екенін айтқан.
Қоғам хатты спортшының өзі жазғанына шәк келтірді, ал Пэннің қауіпсіздігіне алаңдаушылық зорая түсті.
WTA тәуелсіз зерттеу жүргізуге шақырды. Әлемнің теннис жұлдыздары Серена Уильямс пен Наоми Осака, сонымен бірге Германия Олимпиада комитетінің өкілдері Туиттерде #WhereIsPengShuai ( #ПэнШуайҚайда) хэштегін пайдаланып, жазба қалдырды.
Мұндай дау Пекинде ақпан айында өтетін Олимпиада ойындарына дайындық қызған шақта туындап отыр. Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қытайда адам құқығының жаппай бұзылуына байланысты, оның ішінде Шыңжаңда мұсылмандардың қуғынға ұшырауына байланысты олимпиадаға бойкот жариялауға үндеды.
Халықаралық Олимпиада комитеті Пэн төңірегіндегі дауға қатысты "мұндайда дипломатия – тығырықтан шығудың ең дұрыс жолы" деп пікір білдіруден бас тартты.
БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі өкілі Лиз Тросселл Қытай үкіметін спортшының қайда екенін және жағдайы жөнінде ақпарат беруге шақырды. Одан бөлек, оның шағымын тәуелсіз тексеруге үндеді.
Қытай WTA турнирлері жиі өтетін мемлекет. 2019 жылы онда жалпы сыйақы қоры 30,4 млн доллар құраған тоғыз жарыс өткен.
2019 жылы WTA маусымдық ойын финалының жүлде қоры 14 млн доллар болды. Ол ең алғаш рет Қытайдың Шэнчжэн қаласында өткен.
Алайда соңғы тур былтыр коронавирусқа байланысты өтпей қалды. Биыл Мексиканың Гвадалахара қаласына ауыстырылған. WTA Шэнчжэнге 2022-2030 жылдары оралатынын айтқан.
BrandMentions сайтының мәліметінше, #WhereIsPengShuai хэштегі әлем бойынша Инстаграм мен Туиттерде 32 млн рет қолданылған. Екі платформа да Қытайда жабылған.
ПІКІРЛЕР