Accessibility links

Қырғызстан "тергеумен келісім" жасап, жеңіл жазамен құтылуға мүмкіндік беретін норманы алып тастады


1 желтоқсаннан бастап Қырғызстанда жаңа Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық процессуалдық кодекс күшіне енеді. Жаңа кодекстерден "тергеумен келісімге келу" туралы норма түсіп қалған. Бұл жөнінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров прокуратура күніне арналған іс-шарада айтты.

- Өздеріңіз көріп жүргендей, күдіктілердің бірі тергеумен келісімге келіп, қылмыс туралы ақпарат беретін болса, ол адам жазадан құтылып кетеді, оған жол бермеу керек, – деді ол.

Президент сөзінше, қазіргі қолданыстағы кодекс прокурорларға, тергеушілер мен билікке өте ыңғайлы.

"Тергеумен келісімге келу" туралы норманың алынып қалғанын бұған дейін Қырғызстанның бас прокуратурасы хабарлаған.

"Бұл норма енгізілген соң тергеу сапасы төмендеді, өйткені күдікті келісімге келген соң тергеуші дәлел жинауды күрт азайтып, күдіктінің мойындауларымен шектеле бастайды. Күдіктімен келісімге келу нормасы пайдаланылған тергеу-сот практикасылары кінәсіне қарай жазалау және жеке жауапкершілік принциптеріне нұқсан келтіретінін байқатты" дейді Қырғызстан бас прокуратурасы.

Бас прокуратураның айтуынша, "Мысалы, есірткіге байланысты қылмыстық іс бойынша күдіктілер тергеумен келісімге келеді де өздеріне есірткіні жеткізген адамдарды көрсетіп береді. Соның нәтижесінде аса ірі көлемде есірткімен ұсталған күдікті айыппұлмен құтылып, ол көрсеткен адамдар ұзақ мерзімге бостандығынан айырылады. Сол себепті Қылмыстық процестік кодекстен күдіктімен келісімге келу институты алынып тасталды. Оның орнына кінәсін мойындау туралы келісім мен екі тараптың бітімі туралы нормалар қарастырылды".

"Тергеумен келісім келу" нормасы Қазақстанның Қылмыстық процестік кодексінде де бар. 2015 жылдан бастап күшіне енген бұл кодекстің 63-64 тараулары "процестік келісім" немесе келісім түрлерін жасалу шарттарын, салдарын және қолдану тәртібін көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG