Accessibility links

АҚШ "Солтүстік ағыс – 2" жобасына жаңа санкция салды


АҚШ мемлекеттік департаменті дүйсенбі күні "Солтүстік ағыс – 2" газ құбыры жобасына қатысқан компанияларға жаңа санкция енгізгенін хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Кипрде тіркелген Transadria компаниясы мен оған тиесілі Marlin кемесіне шектеу қойылған. Бұл кеме газ құбырын салған кезде пайдаланылған.

Санкция жайлы ақпарат АҚШ мемлекеттік департаментінің Конгреске жіберген санкциялар жөніндегі есебінде айтылған. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің мәлімдемесінде қазірге дейін газ құбырына қатысы бар сегіз адам және 17 кемеге санкция салынғаны жазылған. "Солтүстік ағыс – 2" жобасының қосылуына мүдделі Германиямен жақсы қарым-қатынасты сақтау қажеттігін алға тартқан Джо Байден әкімшілігі Конгресс үндеуіне қарамастан жоба операторына санкция салудан бас тартып келеді.

Қазір Ресей газы Еуропаға Украина арқылы тасымалданады. АҚШ, Еуроодақтың бірқатар мүшесі және Украинаның пікірінше, аталған жоба Мәскеудің Киевке қысымын үдетіп, ЕО-ның ресейлік "Газпромға" тәуелділігін арттырады. Мәскеу мұндай қауіп барын терістейді.

Құрылысы аяқталған газ құбырын іске қосу мерзімі құжат мәселелеріне тіреліп тұр. Біріншіден, Еуроодақтағы арнайы құрылымдар жобаны мақұлдап, іске қосуға рұқсат беруі тиіс. Бұл процесс бірнеше айға созылады. Екіншіден, газ құбырын сертификациядан өткізетін Германиядағы ведомство Швейцарияда шоғырланған жоба операторынан Германия аумағында еншілес компания құрып, оған активтерінің басым бөлігін шоғырландыруды талап етіп отыр. Ақпарат құралдарының жазуынша, жоба операторы бұл талаптарды орындауға күш салады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG