Accessibility links

Ресейде "мигранттар тұрған вагонды өртеді" деп күдікке ілінгендер бостандыққа шығып, үш тәжік азаматы қамалды


Қайтыс болған мигранттардың бірі.

Ресейдің Иркутск облысының соты "адам өлтіруге әрекет етті" және "бұзақылық жасады" деп күдікке ілінген Тәжікстанның үш азаматын қамауға алу жөнінде шешім шығарды.

Курбонмад Содиков пен Далер Хасанов атты тәжік азаматтары "Адам өлтіруге әрекет ету", Жумабой Искандаров "Бұзақылық" бабы бойынша айыпталған. Тергеу мәліметіне сәйкес, олар мигранттар мен жергілікті тұрғындар арасында болған жанжалға қатысқан. Төбелестен кейін мигранттар тұратын вагон өртенген.

12 қарашаға қараған түні Иркутск облысындағы Залари ауылында еңбек мигранттары тұрып жатқан құрылыс вагонына өрт қойылып, Тәжікстанның 21 және 19 жастағы екі азаматы қайтыс болған. Бұдан бөлек бес тәжік ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

Осыған дейін вагонға өрт қойды деген күдікпен жергілікті үш тұрғын қамауға алынған. Бірақ Озоди радиосының дереккөзіне қарағанда, қамалғандардың бірі ғана абақтыда отыр, қалғаны бостандықа шыққан.

Жанжалды көрген мигранттардың бірі оқиғаның мән-жайын былай баяндады:

"Жергілікті аумақта тұратын өте көп адам келді. Арасында полиция формасындағы адамдар да жүрді. Олар біз тұратын вагон есігін жауып, қамап, сыртымыздан өрт қойды. Біз есікті сындырып, сыртқа шыққанда, темірлермен бізді сабады", - деді мигрант.

Ал қаза болған екі тәжік азаматы ауыр жарақат алып, өртеніп жатқан вагоннан шыға алмай қалуы мүмкін деп болжайды.

Осыған дейін бірқатар орыс басылымдары жанжалға "мигранттардың қыздарға тиісуі себеп болған" деп жазды.

Бірақ оқиғаға куә болған мигранттардың бірі бұл мәліметті теріске шығарады.

"Бұл мәлімет жалған. Біздің жігіттер мигранттардың бірінің әкесін күтіп алуға кеткен. Ол жерде алты адам оларға тиісіп, кемсіткен", - дейді ол.

Оқиғаның басқа куәгерлері мигранттарға қол жұмсағандардың ішінде полиция қызметкерлері болғанын растайды.

Иркутск облыстық прокуратурасы мен ішкі істер министрлігінің облыстық басқарма қызметкері үш адамды неліктен бостандыққа шығарғанын түсіндіруден бас тартты.

Тәжікстанның Ресейдегі елшілігі бұл оқиғаның тергелуін жіті бақылауға алдық деп мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG