Accessibility links

Белсенді Гарницкийдің қазасы: Айыпталушы 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды


Ағаш отырғызып жатқан азаматтық белсенді Олег Гарницкий (сол жақта). Белсендінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған.
Ағаш отырғызып жатқан азаматтық белсенді Олег Гарницкий (сол жақта). Белсендінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған.

Қарағанды соты 50 жастағы азаматтық белсенді Олег Гарницкийдің өліміне байланысты айыпталған жергілікті тұрғын Иван Василенконы 1,5 жылға бас бостандығынан айырды. Жаза мерзімі Василенко қамауға алынған уақыт - 2021 жылдың 17 мамырынан бастап қамауда өткізген әр күн жазаның екі күні болып есептелінеді.

Сот қаза болған белсендінің ұлының шағымын жартылай қанағаттандырды: сотталушы жәбірленуші жаққа материалдық өтемақы ретінде 421 мың теңге, моральдық өтемақы ретінде 5 млн теңге төлеуі тиіс.

Соттың мәліметіне қарағанда, Василенко белсендіні бетінен ұрып, соның салдарынан Гарницкий құлап, басы асфальтқа тиген. Басынан ауыр жарақат алып, соның салдарынан ауруханада қаза болған. Судьяның сөзінше, Василенко Гарницкийді қатты ұрмаған. Алайда жәбірленуші тарап мұнымен келіспейді.

Бұған дейін прокурор айыпталушыны 1,5 жылға түрмеге қамауды сұраған кезде қаза болған белсендінің ұлы бұған наразы болып, айыпталушыға барынша қатаң жаза тағайындауды өтінген еді. Ал белсендіге зиян келтіру ойында болмағанын айтқан Василенконың өзі түрме жазасынан басқа жұмсағырақ жаза беруді сұраған.

Осыған дейін жәбірленуші тарап айыпты қатаңдатып, істі қайта тергеуге жіберуді сұраған. Алайда сот басқаша шешім шығарды.

Гарницкий аймақта танымал белсенді болғандықтан оның өліміне қозғалған іс резонанс тудырды. Марқұмның ұлының сенімхаты негізінде істі тергеуге қатысқан жақтастары оның денсаулығына қасақана түрде зақым келтіру жоспары болған деп болжаған. Тергеу барысында бап екі рет өзгертілді: әуелі жәбірленушінің өліміне байланысты жеңілден ауырға алмастырылды, кейін қайта жұмсарды.

Жәбірленуші жақ сот кезінде істе бұрмаланған ақпараттар бар деп те мәлімдеген. Олар сонымен бірге полиция оқиға болған кезде айыпталушының көлігінде отырған тағы бір адамды неге анықтамады деген сұрақты қозғады. Ақпаратқа қарағанда, ол адам оқиға орнынан айыпталушымен бірге кеткен. Жәбірленуші жақтың адвокаты Ирина Фурсованың айтуынша, тергеу органдары "жазаны жұмсарту мақсатында" екінші адамды жасырған болуы мүмкін, әйтпесе іс "топпан жасалған қылмыс" бабына ауыстырылып, жаза күшейер еді.

50 жастағы азаматтық белсенді Олег Гарницкий оқиғадан кейін бір ай бойы жағдайы ауыр күйде реанимацияда жатты. 17 мамырда көз жұмды. Гарницкий – қала тазалығы мен жайлылығы үшін күрескен жергілікті белсенді. Билікке хат жазып, жергілікті тұрғындарды аула тазалауға тартты. Жақтастарының айтуынша, Гарницкий үлкен жоспар құрып, биліктің көмегінсіз Қарағандыдағы аулаларды жайлы етуге тырысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG