Accessibility links

"Жұмыс істемейтін құралды алды". "Нұр Отан" тізгінін Тоқаевқа ұстатудың сыры неде?


Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Қазақстан президенті қызметінен кетіп, бұл міндетті уақытша атқаруды соған дейін парламент сенаты төрағасы болып істеген Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 20 наурыз 2019 ж.
Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Қазақстан президенті қызметінен кетіп, бұл міндетті уақытша атқаруды соған дейін парламент сенаты төрағасы болып істеген Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 20 наурыз 2019 ж.

23 қарашада журналистердің қатысуынсыз өткен "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің отырысынан кейін бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы "Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағалығын Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыру жайлы шешім қабылдады" деп мәлімдеді. Бұл шешімнің артында не тұр және одан не күтуге болады? Азаттық бұл жөнінде қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаевпен сөйлесіп көрді.

Баспасөз хатшысы Назарбаевтың шешімін "билік транзитінің қисынды жалғасы" деп атады. Қазақстанда Назарбаевтың 2019 жылы президент қызметінен бас тартып, өз құзыретін сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруы "билік транзиті" деп сипатталады. Отставкаға кеткеніне қарамастан Назарбаев бұрынғы билігі мен ықпалын сақтап қалған: ол Қауіпсіздік кеңесін басқарады (президенттің маңызды қызметтерге тағайындау туралы шешімі осы кеңестің мақұлдауынан өтуі керек), өзін және отбасы мүшелерін қудалаудан қорғап, дүние-мүлкіне қол сұғылмауын қамтамасыз ететін "елбасы" ("ұлт көшбасшысы") мәртебесі бар.

Назарбаевтың бұл шешімін Тоқаевтың қалай қабылдағаны белгісіз. Тұңғыш президент сайтындағы ақпаратқа сәйкес, видеоконференция режимінде өткен партия жиынына Тоқаев та қатысқан. Бірақ Ақорда сайты мен Тоқаевтың Twitter парақшасында мұндай ақпарат жоқ.

Тоқаев президент болғалы екі жарым жылға таяп қалса да (бес жылдық мерзімнің жартысы), қазірге дейін парламент пен жергілікті билік органдарында басым дауысқа ие, қатарына көп шенеунік пен мемлекеттік қызметкер кіретін партия төрағалығына қолы жетпеген еді. Партияның ішкі процедурасы бойынша, төрағаны съез сайлайды. Бірақ партия съезі өтетін уақыт әлі белгіленбеген.

Назарбаев авторитар президент есімімен байланысты партия төрағалығынан кеткен соң елдің саяси жүйесінде өзгеріс бола ма? Болса, не өзгереді? Назарбаевтың көзі тірі кезінде Тоқаевтың позициясы күшеюі мүмкін бе? Нұр-Сұлтанда жазылған "билік транзиті" сценариі бойынша жүретін Қазақстанды алда не күтіп тұр? Азаттық осы және өзге сұрақтарды саясаттанушы, Тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаевқа қойып көрді.

ТОҚАЕВ ЕНДІ "2-НӨМІРЛІ ОЙЫНШЫ" ЕМЕС ПЕ?

Азаттық: Назарбаев "Нұр Отан" партиясы төрағалығын Тоқаевқа тапсыру туралы шешім қабылдады. Бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы "партия жарғысына сәйкес, төраға сайлау немесе оны қызметінен босату съездің құзыретінде" деп мәлімдеді. Съездің бұл шешімге қарсы шығуы мүмкін бе?

Досым Сәтпаев: Қазақстанда партиялар ішкі процедураға емес, жоғарыдан берілген бұйрыққа қарайды. Бұл бірінші кезекте "Нұр Отан" партиясына қатысты. Назарбаев партия төрағасы ретінде шешуші пікір айту құқығына ие. Тәжірибе көрсеткендей, оның ұсыныстары көбіне жай кеңес емес, соңғы әрі нақты шешім болып шығады.

Азаттық: Назарбаев пен оның төңірегіндегілер бұл қадамды "билік транзитінің қисынды жалғасы" деп түсіндірді. Бұл шешімді бұрын емес, дәл қазір қабылдауға не себеп болды деп ойлайсыз?

Досым Сәтпаев: Қисынға салсақ, Назарбаев құзыретінен парламент сайлауына дейін бас тартуы керек еді. Неге олай жасамады? Мұның екі себебі бар деп ойлаймын. Біріншіден, ол кезде Тоқаевты партия тізімін құру ісіне араластырғысы келмеді. Мәжіліске бұрынғы президенттің айналасындағылар мен ["Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан] Байбек қолдаған азаматтар өтті. Екіншіден, премьер-министр Асқар Маминді орнына алып тастауға мүмкіндік беретін тетікті Тоқаевтың қолына ұстатқысы келмеді. Премьер-министрді қызметінен босату үшін парламенттің көмегі керек: төменгі палата премьер-министрді қолдап дауыс береді не үкіметке сенбейтінін айтып, қарсы шығады.

Неге бұл шешім дәл қазір қабылданып отыр? Бір жағынан алғанда, "транзит логикасы" да бар: Назарбаев Тоқаевқа Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының құзыретін берді (2021 жылы 28 сәуірдеред.), енді "Нұр Отан" партиясы төрағалығын тапсырып отыр. Әкімшілік ресурс тұрғысынан алғанда, бұл әдемі көрінеді: қазір "Нұр Отан" басымдыққа ие, партия қатарында министрлер, әкімдер, бизнес басшылары бар, бір сөзбен бұл мемлекет ішіндегі мемлекет сияқты. Бұл шешімге партия номенклатурасы мен мемлекеттік аппараттың Тоқаевқа салмақты қарамай келуі себеп болған сияқты. Оны екінші нөмірлі ойыншы деп қабылдады. Мұның соңы неге әкелді? Тоқаевтың әртүрлі бағыттағы шешімдеріне қарсылық көбейді. Мұны президенттің халыққа жолдауы кезінде Тоқаевтың өзі де мойындап, "кедергі келтіріп, қабылданған шешімдерді жүзеге асырғысы келмейтіндер үкіметтен кетуі керек" деді.

Мемлекеттік аппарат жұмыс істесін, президенттің қолында ресми тетіктер болсын, мемлекет басшысы "Нұр Отан" партиясы арқылы өз шешімдерін жүзеге асыру процесін жеделдетсін деп Тоқаевқа қосымша әкімшілік ресурс берді. Былтырдан бері елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлап келеді. Мұнай бағасы өсті, бірақ бұл экономикалық дамуға әсер еткен жоқ. Болжам бойынша, биыл Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің өсімі Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен салыстырғанда төмен болады. Инфляция артып, баға өсіп жатыр.

Азаттық: Осы шешімнен кейін мемлекеттік аппарат Тоқаевқа салмақты қарап, қарсыласуын қояды дегенге сенесіз бе?

Досым Сәтпаев: Ресми тұрғыдан алғанда, ол белгілі бір мәртебеге ие болды. Бірақ шын мәнінде Тоқаев "жағымсыз сый" алды. "Нұр Отан" – ірі әрі тиімсіз құрылым. Бұл – ешқашан дағдарысқа қарсы басқару үлгісін көрсетпеген ұйым. Партияның рейтингі мен оған деген сенім төмен. Бұл – номенклатура партиясы. Партия ішінде өз ағысы, лагерьлері бар. Онда үнемі ресурс пен билік үшін күрес жүріп жатады. Қазақстан дағдарыс жағдайында болғанда "Нұр Отан" ешқашан тиімді жұмыс істеген емес. Ол қоғам мен билік арасындағы делдал қызметін дұрыс атқара алмады. Осы үшін көп сынға қалды. Партия төрағалығын Тоқаевқа берудегі басты мақсат – оның қоғам алдындағы емес, номенклатура алдындағы легитимдігін арттыру. Бұл – маңызды дүние.

Тоқаев "Нұр Отан" билігін қолына алған кезде жұмыс істемейтін құралға тап болады. Ресми түрде оған әкімшілік ресурс, партиялық желі берілді, бірақ ол жұмыс істемейді. Назарбаевтың кезінде тиімділік көрсетпеген партия Токаевтың тұсында не болады? Қазіргі басты сұрақ Байбектің тағдыры қалай өзгеретінінде емес (кадрлық өзгерістер болуы мүмкін, әрине), Тоқаевтың "Нұр Отан" партиясымен қалай жұмыс істейтінінде (реформалай ма, өзгертуге тырыса ма, әлде қазіргі қалпында сақтап қала ма) болып отыр. Бірақ мұның бәрі мақсатсыз әрекет болады. Тоқаев әлі партияға қатысты көп мәселеге кезігеді.

КҮШ АУЫСУЫ ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ САЯСИ САХНАДАН КЕТКЕННЕН КЕЙІН НЕ БОЛАТЫНЫ ЖАЙЛЫ

Азаттық: Партия төрағасының ауысуы билік жүйесіндегі күштердің ауысуына әсер ете ме?

Досым Сәтпаев: Ресми түрде, иә. Қазір Тоқаев 2019 жылмен салыстырғанда көбірек құзыретке ие. Бірақ Назарбаевтың ешқайда кетпегенін ұмытпаған жөн. Ол әлі бұрынғы орнында отыр. 2019 жылы күзде Тоқаев Назарбаевқа кадр мәселесі бойынша кең құзырет беретін жарлыққа қол қойды. Ол жарлықтың күші жойылған жоқ. Назарбаев – Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Ол бұл қызметін де Тоқаевқа тапсырса, президенттің номенклатуралық мүмкіндіктері кеңейер еді. Бірақ кадр мәселесі – әлі де Назарбаевтың қолында.

Азаттық: Тоқаев екі жарым жылдан бері Қазақстан президенті болып отыр. Қызмет мерзімінің жартысы артта қалды. Осы уақыт ішінде Тоқаев өзінше әрекет ететін немесе өзін солай ұстайтын тұлғаға айналды ма?

Досым Сәтпаев: Ол әрине, өзінше әрекет ететін тұлға болып көрінуге тырысады. Бірақ бұл оның қоғам алдындағы беделін көтеру үшін жасалады. Тоқаев президент болған кезде азаматтардың басым бөлігі оны легитимді басшы көрген жоқ. Сондықтан ол өзін жарнамалауға, саяси технологияларға баса назар аударды.

Екі жарым жыл ішінде қаншама сарапшы, блогерді сатып алды. Олар Тоқаевты, оның шешімдері мен саясатын белсенді жарнамалап, ақпарат кеңістігін өздеріне қаратып алды.

Бірақ жүйені бақылаушы Назарбаев тұрғанда "қызыл жалаушалар" жойылмайды. Жалғыз маңызды кадрлық өзгеріс Дариға Назарбаеваны [сенат] спикері қызметінен (2020 жылғы 2 мамырда – ред.) босату болды. Бірақ мұны Тоқаев жалғыз жасаған жоқ, оған Назарбаевтың айналасында жүрген, Дариға Назарбаевамен келіспей қалған адамдар көмектесті деп ойлаймын. Маңызды, ықпалды тұлғалар туралы айтар болсақ, Тоқаев әзірге ондай ірі кадрлық шешім қабылдаған жоқ. Бұрынғы олигархтар, Назарбаевтың маңайында жүргендер әлі сол баяғы адамдар. Мүмкін алда қандай да бір өзгеріс болатын шығар, бірақ өткен екі жылда ондай ештеңе көрген жоқпыз.

Азаттық: Назарбаев таңдаған "билік транзиті" сценариімен жүрген Қазақстанды алда не күтеді?

Досым Сәтпаев: Назарбаевтың көзі тірі, дені сау кезінде Тоқаев оған қарсы шыға қояды дегенге күмәнім бар. Назарбаев Тоқаевтың президенттігі кезінде саяси сахнадан кетсе, ол Шавкат Мирзияевтың ізімен жүріп, Өзбекстандағы жағдай қайталанады деп ойлаймын. Яғни, Тоқаев толық билікке қол жеткізуге тырысқан кезде жүйені бақылаушы тұлға болмайды. Ол жүйені демократияландыруға ұмтылудың орнына оны өзіне ыңғайлы етіп өзгертуге тырысады.

Екінші әрі ең соңғы нұсқа – Украина үлгісі. Назарбаев кеткеннен кейін элита арасынан бір тұлға президентке қарсы шықса, элита ішінде үлкен қақтығыс басталады. Мәселеге сырттағы ойыншылар, бірінші кезекте, Ресей араласады. Бұл – негативті сценарий.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG