Accessibility links

Ұлттық банк айырбас пункттерінде доллар жеткілікті екенін хабарлады


Қазақстанда доллар тапшылығы жоқ, валютаны экспортерлардың өздері шектеп отыр. Ұлттық 23 қарашада осындай хабар таратты. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

"Ресей рубльі 1,5 пайызға құнсызданып, бір доллар 75 рубльге дейін арзандады. Теңге де өткен жұмадан бері – 0,4 пайызға, қараша айынан бері 1,2 пайызға құнсызданды" дейді Ұлттық банк.

Кейінгі күндері Қазақстанда теңге құнсызданып, доллар күшейгені байқалады.

Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, теңгенің қазіргі динамикасы - сыртқы және ішкі нарықтағы өзгерістердің айнасы. Қазан айының соңында халықаралық нарықта мұнай арзандай бастаған. Банк өкілдері оның басты себептерін энергия тасымалдаушылар нарығында ұсыныстың артуымен ұштастырады.

Қазір Brent маркалы мұнайдың баррелі 77,5 доллардан сатылып жатыр. Бұған қоса, Қазақстан импорт көлемін де арттырған. 2021 жылдың қаңтар мен қыркүйек айларында Ресейден келетін импорттың құны $12,1 млрд долларға жеткен. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,7 пайызға көп. Ресей рубльінің құнсызданғаны теңгеге де әсер еткен.

Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда долларға сұраныс артқан. Экспортерлар валютаны шектеп сата бастаған. Айырбас пункттерінде валютаға сұраныс үшінші тоқсанда $280 млн болса, қазан мен қарашаның ортасына қарай $380 млн доллар болған. Дегенмен Ұлттық банк өкілдері доллар тапшылығы жоқ дегенге сендіруге тырысты.

Kurs.kz сайтындағы мәліметке қарағанда, Алматыдағы айырбас пунктерінде 24 қарашада күндіз бір доллар 434,1 теңгеден сатылып, 432,6 теңгеден қабылданған. Қаладағы кейбір пунктерде бір доллар 436 теңгеге жеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG