24 қарашада азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Әлнұр Илияшев онлайн баспасөз конференциясын өткізіп, Еуроодақ юрисдикциясында кооператив ашу идеясын талқылады.
Идея авторы- Макс Боқаев. Ол Қазақстанда азат ойлы азаматтардың бірігуіне, құқықтарын қорғауға мүмкіндіктері болмаған соң осындай қадамға барып отырғанын айтты.
– Германиядағы кооперативтер қауымдастығының бірімен хат алмасқанымда кез келген шетел азаматының ол жерде кооператив ашуға құқығы бар екенін білдім. Еуропада тіркелген кооператив арқылы қазақстандықтардың мүддесі мен құқығын қорғап, Еуроодаққа лоббистік жұмыс жүргізуге болады. Мәселен, көліктердің утилизациялық алымына қатысты Еуроодақ арқылы Қазақстан үкіметіне ықпал етуге болады. Өйткені, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше, - деді Макс Боқаев.
Оның сөзін қоштаған Әлнұр Илияшев та қазіргі жағдайға қамалып қалмай одан шығудың бір жолы шетел юридиксициясын пайдалану керек деп санайды.
– Назарбаев пен оның отбасы офшордың юрисдикциясын ұтымды пайдаланып отыр. Біз азаматтарға виртуалды эмиграция ұсынамыз. Оның экономикалық та пайдасы бар, - деді Илияшев.
Боқаевтың айтуынша, Германияда кооператив құру үшін үш құрылтайшы жеткілікті.
– Осы ойды жүзеге асыру үшін бізге бастамашыл топ керек. Біз олардың арасынан үш адамды іріктеп алып Еуропаға жібереміз. Алдымен сол жерде құжаттармен танысу керек. Бірақ қойылатын талап бар: ол адамдар азаматтық белсенділігімен көзге түсуі тиіс және шет тілін білуі керек. Себебі оларға қосымша аудармашы жалдауға да қаражат кетеді. Кооператив мүшелері жарна төлейді. Ол ашық және оны Қазақстан жүйесінде үйреніп қалғандай ешкім ұрламайды, Германия банктерінде жиналады. Ревизиялық комиссия тексеріп тұрады,- деді ол.
Бірақ белсенділер жарна мөлшерінің қанша болатыны туралы әзірге ештеме демеді.
Боқаевтың айтуынша, Қазақстанда қандай да бір қоғамдық ұйымды тіркету үшін кедергі көп және әдетте соңы аяқсыз қалады. Ол оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың кезінде ҚДТ партиясын тіркете алмағанын, қазір Жанболат Мамайдың өз партиясын тіркете алмай жүргенін мысал етті. Тіпті өзінің де үкіметтің емес ұйымын 2013 жылы алты ай жүріп әрең тіркеткенін, ал биыл жыл басында парламент сайлауы қарсаңында Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюро мен "Қадір-қасиет" және өзге де бірқатар ұйымдардың ірі салық тексеруіне іліккенін айтты.
Макс Боқаев пен Әлнұр Ильшевке Қазақстанда сот шешімімен қоғамдық ұйымдарға мүше болуға, жиындарға қатысуға тыйым салынған. Оларға өзге де шектеулер қойылған. Осыны еске алған Боқаев оны айналып өтудің бір жолы ретінде шетелде құрылатын ұйымға мүше болатындарын мәлімдеді.
– Өте өкінішті, бірақ өз құқығымызды қорғау үшін осындай әрекетке барауға мәжбүрміз, - дейді Макс Боқаев.
Макс Боқаев 2016 жылғы "Жер митингілері" кезінде белсенділігімен көзге түскен. Ол жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға рұқсат беретін ережелерге қарсы топты бастап, наразылық ұйымдастырған. Көп ұзамай тағы бір белсенді Талғат Аян екеуі "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деген айыппен қамауға алынып, бес жылға сотталған. Белсенділер "істің саяси астары бар" деп санайды.
Талғат Аян 2018 жылы түрмеден уақытынан бұрын босап шықты. Ал Боқаев кесілген мерзімді толық өтеп, биыл ақпанда қамаудан шықты. Бірақ оған қазір көп шектеу қойылған.
Ал Әлнұр Илияшев Facebook жазбаларында "Нұр Отан" партиясын, сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын сынаған соң былтыр маусым айында "төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратты таратты" деп танып, бостандығын үш жылға шектеген. Сот оған да, бес жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған.
ПІКІРЛЕР